Бүгін Қазақстанның 60 қаласының тұрғыны жарықты бір сағатқа сөндіреді
АСТАНА. 31 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанның 60 қаласының тұрғыны бүкіләлемдік «Жер сағаты» экологиялық шарасына қатысып, үйлеріндегі жарықты сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін өшіреді,
деп хабарлайды Бүкіләлемдік жабайы табиғат қорының (WWF) қазақстандық өкілдігінен.
«Жер сағаты» шарасы - WWF жыл сайын өткізетін және адамдардың климаттың өзгеру мәселесіне назарын аударту үшін жер тұрғындарын жарық пен басқа да өмірлік маңызы жоқ құралдарды бір сағатқа өшіруге шақыратын ғаламдық оқиға. Ең алғаш рет «Жер сағаты» 2007 жылы өткізілген, келесі жылдың өзінде шара әлемдік қолдау алып, 2009 жылы адамзат тарихындағы ең бұқаралық шараға айналды - WWF бағалары бойынша, ол ғаламшардың бір миллиардтан астам тұрғынын қамтыды. «Жер сағаты» аясында бүкіл әлем бойынша ірі архитектуралық ескерткіштер мен таңбалық нысандардың жарықтандырылуы өшіріледі.
Қазақстанның бұл шараға қатысқанына биыл төрт жыл толады. Оған республиканың 60 қаласынан, соның ішінде Астана, Алматы, Шымкент, Павлодар, Ақтау, Ақтөбе, Өскемен, т.б. қалаларынан 9 миллион қазақстандық атсалысады деп жоспарланып отыр. Қазақстан астанасындағы 100-ден астам ірі нысандарда, соның ішінде «Бәйтерек» монументінде де жарық өшеді.