Бүгін Қазақстанның бірқатар аймағында күшті жел тұрып, көктайғақ, тұман болады - Қазгидромет
АСТАНА. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат - «Қазгидрометтің» болжамына сәйкес бүгін, наурыздың 16-сы күні Қазақстанның басым аумағы атмосфералық ағымдар бөліктерінің ықпалында болады.
Мәселен, Ақмола облысының кей жерлерінде көктайғақ, секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғады деп күтілуде.
Алматы облысының кей аумақтарына тұман түседі, Жалаңашкөл маңайында 20-25 м/с жылдамдықпен соққан желдің екпіні күндіз 30-ға дейін жетуі ықтимал.
Жамбыл, Қызылорда, күндіз Маңғыстау және Атырау облыстарында кей жерлерде 15-23 м/с-та жел тұрып, тұман болады.
Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарының кей өңірлерінде бұрқасындатып, секундына 15-20 метр екпінмен жел соғады.
Оңтүстік Қазақстанда 17-22 м/с жылдамдықпен соққан желдің күші күндіз таулы аумақтарда 28-ге дейін жетуі мүмкін.
Ақтөбе облысының жекелеген жерлерінде тұман, көктайғақ болады, күндіз бұрқасындатып 15-20 м/с жылдамдықпен жел көтеріледі.
Ал Қарағанды облысының кей аумақтарын түнде тұман басады. Күндіз секундына 17-22 метр жылдамдықпен жел соғып, көктайғақ болады деп болжануда.
Шығыс Қазақстан облысында, сондай-ақ кей жерлерде 17-22 м/с екпінді жел болады, бұрқасын және көктайғақ күтілуде.