Бүгін «Қазақстанның индустриялық өмірінің 7 күні» атты ақпараттық науқан басталды
АСТАНА. 29 маусым. ҚазАқпарат - Биыл - Президенттің индустрияландыру бағдарламасының алғашқы бесжылдығының 4-ші жылы.
Бағдарлама әртараптандыру арқылы экономиканың тұрақты және теңгермелі өсуін қамтамасыз етуге және оның бәсекелестік қабілетін арттыруға бағытталған.
Мемлекет Басшысы Н.Назарбаев атап өткендей, «екі бес жылдықта біздің экономикамыздың бейнесін өзгерту» міндеті қойылып отыр. Өткен кезеңде не жасалды? Аралық нәтижелер мен әлеуметтік-экономикалық тиімділік қандай? Бұл туралы 29 маусымнан бастап 5 шілде аралығында Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында күн сайын жарияланады.
Аптаның әр күні бір тақырыпқа арналады. Атап айтқанда 29 маусым - Қазақстандық экспорт, 30 маусым - Шағын және орта бизнес, 1 шілде Аймақтар және адамдар, 2 шілде - Инфрақұрылым, 3 шілде - Инновациялар, энергия үнемдеу, еңбек өнімділігі, 4 шілде - Инвестициялар, 5 шілде - Қазақстандық мазмұн күні.
5 шілде күні таңғы 9 бен 11 сағат аралығында «Transport tower» ғимаратында ҮИИД мемлекеттік бағдарламасының Ашық есік күні өтеді. Бұл іс-шарада мемлекеттік органдар мен институттардың өкілдері өз қызметінің аясын баяндайды және де «Тауарлар, жұмыстар мен қызметтер тізімі» ақпараттық жүйесінің тұсаукесеріне арналған отандық тауар өндіруші компаниялардың фотокөрмелері мен диалогтық алаң және дөңгелек үстел ұйымдастырылады.
Келушілер ҮИИД бағдарламасы бойынша сан түрлі сұрақтарға жауап алады.
Жоғарыда аталған мәселелерді талқылау үшін ҚР ИЖТМ құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық ұйымдарының жетекшілерімен арнайы кездесу ұйымдастырылады.