Бүгін Қазақстанның солтүстігінде қар мен бұрқасын, оңтүстігінде - жаңбыр мен сулы қар, тұман, көктайғақ болжануда
АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат - «Қазгидрометтің» болжауынша, бүгін 2 ақпан күні Қазақстанның басым бөлігі атмосфералық ағымдардың аумағында болып, республиканың солтүстігіне қар мен бұрқасын, оңтүстігіне - жаңбыр мен сулы қар түріндегі жауын-шашындар, тұман мен көктайғақ алып келеді.
Мәселен, Алматы облысының кей жерлерінде тұман, көктайғақ күтілуде. Жалаңашкөл аумағында желдің екпіні секундына 22-27, кей уақыттары 30 метрге дейін жетеді.
Жамбыл, Қарағанды облыстарында - кей жерлерде тұман, көктайғақ, 15-20 м/с күшпен жел соғады.
Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының жекелеген жерлерінде тұман, көктайғақ болжануда.
Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының кей өңірлерінде бұрқасын, 15-20 м/с жылдамдықта жел тұрады.
Ақмола облысында бұрқасындатып, секундына 15-20 метр күшпен жел соғады.