Бүгін - Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіров дүниеге келген күн
АСТАНА. ҚазАқпарат - 97 жыл бұрын (1919-1942) Кеңес Одағының Батыры, әскери ұшқыш ӘБДІРОВ Нүркен дүниеге келді.
Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін Қарағандыдағы №1 шахтада жұмыс істей жүріп, аэроклубта оқыған. Орынбор әскери авиациялық училищесін, Ташкенттегі әуе атқыштары мектебін, Сібір қалаларының біріндегі ұшқыштар училищесін бітірген. Н.Әбдіров 1942 жылы Оңтүстік-батыс майданның 17-ші армиясы құрамындағы 167-ші авиациялық дивизияның 808-ші полкіне қабылданды. Алғашқы әуе шайқасына қазанның 23-інде қатысып, екі айға жетер жетпес уақыт ішінде 16 рет жауынгерлік әуе жорығына араласты. Осы уақыт аралығында жаудың 16 танкісін, 28 автомашинасын және техникасын, 50-ге тарта солдаты мен офицерін жойды. 1942 жылы желтоқсанның 16-ында 17-ші рет жауынгерлік тапсырманы орындауға ұшып шықты. Н.Әбдіров жаудың бірнеше дзотын, зенитті артиллериясының 2 ұясын, 6 танкісін жойды. Бірақ гитлерлік зенитшілер Нүркеннің ұшағына оқ дарытып, ұшақ жана бастады. Ұшақтан секіруге болатын еді, бірақ Н.Әбдіров бұл ойдан аулақ болды. Ол капитан Гастелло сияқты өзінің жанған ұшаған неміс техникасының шоғырланған жеріне қарай бағыттады. Нүркен лапылдаған жалын құшағына енген ұшағыменмен жау танкілерінің қалың ортасына сүңгіп кетті. Күлі көкке ұшқан неміс техникасымен бірге ондаған фашист солдаттары мен офицерлері де жойылды. Ол осылай ерлікпен қаза тапты. Сталинград аспанында капитан Гастеллоның ерлігін қайталаған қарағандылық ұшқыш Нүркен Әбдіровтың ерлігі мәңгі есте сақталмақ.
Н.Әбдіровке әскери міндетін атқару кезінде көрсеткен ерен ерлігі үшін 1943 жылы наурыздың 31-інде Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1944 жылы Қарағанды шахтерлерінің өз еріктерімен жиған қаржысына жасалған Н.Әбдіров атындағы ұшақ жауға қарсы ұрысқа кірді. Қарағанды қаласында, батырдың туған жері - Қарқаралы ауданының Нүркен Әбдіров атындағы ауылында ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ Қазақстан қалаларында Әбдіров атындағы мектептер, көшелер және ескерткіштер бар.