14:08, 31 Желтоқсан 2013 | GMT +5
Бүгін кешке елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік би кеші мен отшашу болады
АСТАНА. 31 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада сағат 21.00-02.00 дейін елорда қонақтары мен тұрғындары Жаңа 2014 жылды қалалық әкімдіктің алдындағы алаңда Аяз атамен және Ақшақармен бірге қарсы алады.

Бұл туралы astana.kz сайты Мәдениет басқармасына сілтеме жасап хабарлады.
Жаңа жылды қарсы алуға арналған дәстүрлі мерекелік іс-шара барысында қазақстандық эстрада жұлдыздарының, мемлекеттік филармонияя әртістерінің және Астана қаласының басқа да шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылады.
Сағат 23.55 алаңда орнатылған ЛЭД-экрандары арқылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа жылдық құттықтауы көрсетіледі. Ал түн жарымда елорда тұрғындары мен қонақтары Есіл өзенінің жағасында Жаңа 2014 жылдың тууының белгісі керемет отшашуды тамашалайды.
Жаңа жылдық іс-шара көңілді байқаулармен және отандық эстрада жұлдызы Алмас Кішкенбаевтың әндерімен өтетін мерекелік би кешімен аяқталады.