Бүгін кешқұрым бірқатар республикалық жолдарда көлік қозғалысына шектеу енгізілді

АСТАНА. 11 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ауа райының қолайсыз жағдайына байланысты бірқатар облыстардың аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдарының қозғалысына шектеу қойылды. Бұл туралы бүгін «Қазақавтожол» РМК-ның баспасөз қызметі хабарлайды.
None
None

18:30-дан бастап ауа температурасының күрт төмендеуіне орай Павлодар облысының барлық бағыттарында автокөліктің барлық түрлері үшін жолға шығуға тыйым салынды. 

Ал Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы аяздың салдарынан 18:30-дан бері «Омбы-Майқапшағай» автожолының 587-733 шақырымындағы  «Павлодар облысы шекарасы-Семей» учаскесі аралығында қоғамдық және дизель отынымен жүретін автокөліктердің қозғалысына шектеу енгізілді.

Бұдан бөлек, боранға байланысты "Қарағанды-Аягөз-Бұғаз" автожолының 525-704 шақырымындағы "Баршатас-Аягөз" учаскесі аралығында автокөліктің барлық түрлері үшін жол жабылды.

Сонымен қатар бүгін кешқұрым қатты аязға байланысты Қарағанды облысы аумағындағы жолдарда қоғамдық, жүк және дизель отынымен жүретін көліктердің қозғалысына тыйым салынды.

Мұнымен қоса, сағат 19:00-ден бастап ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты Қостанай облысының барлық бағыттарында қоғамдық және дизель отынымен жүретін автокөліктердің қозғалысына тыйым салынды.


Ал Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 14:00 бастап жол-құрылысы жұмыстарын жүргізуге байланысты (көпірді жөндеу) Петропавл қаласының айналма жолындағы учаскеде (3 км) автокөліктің барлық түрлері үшін жол жабылды. Жөндеу жұмыстары 15 желтоқсанға дейін жалғасады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар