Бүгін ҚР Халық әртісі Нүкетай Мышбаева 80 жасқа толды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 80 жыл бұрын (1936) М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы МЫШБАЕВА Нүкетай дүниеге келді.

Бүгін ҚР Халық әртісі Нүкетай Мышбаева 80 жасқа толды

Актриса, әнші (меццо-сопрано), Қазақстанның халық әртісі (1991). 1959 жылы Алматы мемлекеттік өнер институтының (қазіргі Алматы мемлекеттік консерваториясы) актерлік факультетін бітірген.

1960 жылдан Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы.
Айсұлу (Қ.Шаңғытбаев, Қ.Байсейітов, «Беу, қыздар-ай» ), Айбала (Ә.Тәжібаев, «Той боларда» ), Марфуға ( Қ.Мұхамеджанов, «Құдағи келіпті»), т.б. рөлдерді орындап, өнер жолын комедиялық бейнелерді жасаудан бастаған жас актриса Әлиман (Ш.Айтматов, «Ана-Жер ана»), Майра (Ә.Тәжібаев, «Майра» ) рөлдерін орындап, өзінің шеберлігін драмалық, трагедиялық рөлдерде көрсете білді.
Әншілік қасиеттерімен көпшілікке танылды. Ақбала (Ә.Нұрпейісов, «Қан мен тер»), Меңсұлу (Ш.Құсайынов, «Алдар көсе»), Жүзтайлақ, Қарлығаш, Ақбала (М.Әуезов, «Түнгі сарын», «Абай», «Қаракөз»), Бекей (Айтматов, «Ақ кеме» ), Ғалия (Т.Ахтанов, «Күтпеген кездесу» ), Ажар ( С.Жүнісов, «Ажар мен ажал»), «Хатшы әйел», Ұрқия (А.Сүлейменов, «"Төрт тақта - жайнамаз», «Қыздай жесір - штат қысқарту»), т.б. рөлдері Нүкетай Мышбаеваның ғана емес, қазақ ұлттық сахна өнерінің өсіп-ілгерілеу жолындағы елеулі кезеңдері.
1976 жылдан киноға түскен, көп бөлімді «Қымызхана» телеспектаклінде Теңгетай рөлін, сондай-ақ халық әндері мен осы заман композиторлары әндерінің орындаушысы ретінде танымал.
«Парасат» орденімен марапатталған.