Бүгін ҚР ҚК әскери-тарихи музейінде «Берел құпиялары» атты көрме ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейінде «Берел құпиялары» атты көрме ашылады, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Бүгін ҚР ҚК әскери-тарихи музейінде «Берел құпиялары» атты көрме ашылады

Министрлік таратқан мәліметтерге қарағанда, көрмеде Берел сақ (б.з.д. II-I ғғ.) қорғандарынан табылған бұғы-грифон ат әбзелінің әшекей бұйымдары, ер және әйел адамның бас сүйегі негізінде жасалған антропологиялық реконструкциялар, зооморфты сабы бар қола айна, әйел адамның әшекей бұйымдары және тағы басқа құнды жәдігерлер көрсетіледі.

Аталған көрмені ұйымдастырудағы мақсат - ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында мыңдаған жылдар бойы сақталып келген аса құнды жәдігерлерді әлем жұртшылығына таныстыру және қазақ жерін мекен еткен ежелгі тайпалардың мәдениеттерін насихаттау.

Берел қорымында археологиялық қазба жұмыстарына жетекшілік еткен белгілі профессор, тарих ғылымдарының докторы Зайнолла Самашев. Табылған жәдігерлерге белгілі реставратор Крым Алтынбеков реконструкция жасаған.

Көрме бүгін сағат 17:00-де Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери-тарихи музейінде ашылады. Аталмыш шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейімен бірлесіп ұйымдастыруда.