Бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталды
АСТАНА. 30 шілде. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Кеше ҚР Парламент Сенаты депутаттығына үміткер азаматтарды тіркеу жұмысы аяқталып, бүгін олардың үгіт-насихат іс-шаралары басталады.
Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.
Оның хабарлауынша, осы уақытқа дейін сайлау науқанына түсетін 52 үміткер тіркелді. Олардың 7-еуі - Парламент Сенатының депутаты, 22-сі - мемлекеттік органдардың қызметкерлері, 7-уі - ғылым, білім мен мәдениет өкілдері және 12 кәсіпкер бар. Кандидаттардың орташа жасы - 54-те. Үміткерлердің басым бөлігі - «Нұр Отан» партиясының мүшелері.
«Бүгіннен бастап барлық кандидаттар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына кірісе алады. Жоспарға сәйкес, бұл жұмыс тамыздың 17-і түнгі сағат 24.00-ге дейін жүргізіледі. Қазіргі кезде үміткерлердің аздығына байланысты үгіт-насихат жұмысы тек Ақтөбе облысында ғана тамыздың 6-сына дейін жалғасады», - деді Қ.Тұрғанқұлов.