14:17, 20 Наурыз 2009 | GMT +5
Бүгін күн мен түн теңеледі
АЛМАТЫ. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін сағат 17:44-те табиғаттағы күн мен түннің теңелу құбылысы болады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Василий Фесенков атындағы астрофизика институтына сілтеме жасап. Ғалымдардың айтуынша, бұл құбылыс ғылымға бұрыннан белгілі жайт. Арнайы анықтамалықтарда оның кестесі де жасалып қойылған. «Ерте замандарда күн мен түннің теңелуін бүкіл халық мереке қылып тойлайтын. Алайда кейін түрлі себептермен көптеген елдер одан ажырап қалды. Оны дінге телудің қажеті жоқ. Менің ойымша, ерте ме кеш пе бәрібір бұл табиғат құбылысын бүкіл адамзат баласы мерекелейтін болады. Бұрын солай болған. Оны сырттан іздеудің керегі жоқ. Демалысты қыста емес, Наурыз мейрамында көбейту керек», - дейді физика-математика ғылымдарының докторы Зейнолла Жаңабаев. Оның пайымдауынша, қазірдің өзінде орыстың әйгілі сатиригі, физик Михаил Задорнов қазіргі Жаңа жылдың сырттан күштеп енгізілгенін, славян халықтарының Жаңа жылды бұрын күн мен теңелген кезде атап өткенін айтып, қоғамдық пікірге қозғау салып жүр. Жалпы шығыс елдеріндегі күн жүйесіне негізделген күнтізбе бойынша бүгін ? Хамал айының бірінші жұлдызы. Сағат 17:44-те күн тоқты жұлдызымен тоғысып, амал басталады. Тоқты шоқжұлдызын көне парсы тілінде «Хамал» десе, қазақ тілінде ол «Амал» деп аталады. Ол жыл сайын наурыз айының 19-21 күндері ауысып отырады.