Бүгін мемлекеттік қызмет саласындағы жаңа заң өз күшіне енді

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев дәстүрлі апталық брифинг барысында мәлім етті. Сондай ақ брифинг аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов жаңа заңның жаңа ережелерін тағы бір мәрте түсіндіріп өтті.
Еске сала кетсек, аталған заң мемлекеттік қызметке кірудің тиімді әрі айқын тетіктері, бағалау және мансаптық жоспарлау жүйесін енгізу, басқарушылық корпусты құру секілді мәселелерді қамтиды. Сондай-ақ, құжат кадр қызметтерінің рөлін арттырып, мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу мен ынталандыру шараларын, қызмет этикасын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды жетілдіру арқылы мемлекеттік аппараттың кәсібилігі мен тиімділігін арттыруға бағытталады. Сонымен бірге құжатта мемлекеттік органдардың жұмысында сабақтастықты қамтамасыз ету және жаңа қызметкерлердің бейімделуі үшін тәлімділік институтын енгізу нормалары да қамтылған. Мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасын сақтауы бойынша және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттері жөніндегі міндеттерін көздеу белгіленеді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында «командалық көшуге» барынша тосқауыл қою тетіктері қамтылып отыр.