Бүгін мемлекеттің жоғарғы басшыларына қастандық жасауды, Астанада лаңкестік актіні өткізуді ойластырған күдіктілерге үкім жарияланады

АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Кошалаков ісі» бойынша үкім жарияланады.

Бүгін мемлекеттің жоғарғы басшыларына қастандық жасауды, Астанада лаңкестік актіні өткізуді ойластырған күдіктілерге үкім жарияланады

6 адамнан тұратын топқа экстремистік үгіттеу мен мемлекеттің жоғарғы басшыларына қастандық жасау, терактіге дайындық жүргізу бойынша айып тағылып отыр. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметінен мәлім етті.

«Астана террористерінің ісі» бойынша басты сот мәжілісі мамыр айының ортасында басталды. Іс бойынша 6 адам айыпталып отыр: С.А.Кошалаков, А.К. Шәріпов , Б.К. Әбдікеров, Е.Е.Қадірсізов, А.К. Қасқабаев, С.К.Жүнісов.

Оларға жарылғыш заттарды пайдалана отырып, жарылысты және өзге де әрекеттерді жасау мақсатында сөз байласу, террористік топты құру, қару жарақ пен оқ-дәрілерді жымқыру және басқа да ауыр қылмыстар бойынша айыптар тағылып отыр.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, С.Кошалаков лаңкестік топты құрған. Оның мақсаты лаңкестік актілерді жасау, сондай-ақ өлтіру және қызметтік қаруды иемдену пиғылымен құқық қорғау және арнайы қызметтердің қызметкерлеріне шабуыл жасауды ұйымдастыру арқылы Қазақстан аумағында Халифат ислам мемлекетін құру болған.

Алдын ала тергеу органдарының мәліметтеріне сәйкес, қоғамдық қауіпсіздікті бұзу және халықты қорқыту мақсатында Кошалаковтың басшылығындағы террористік топ Бейбітшілік және келісім сарайында жарылысты, қызметкерлерді өлтіру мақсатында Астаналық ҰҚД ғимаратына шабуылды, сонымен қатар Қазақстан Республикасының жоғарғы лауазымды тұлғаларына қастандық жасауды ұйымдастыруды жоспарлаған. Осы мақсатта А. Шәріпов өзінің кәмелетке толмаған мұсылман зайыбы Нұрғалиеваға кері әсер ете отырып, жоғарғы лауазымды тұлғалардың қатысуымен Астана қаласында өтетін жаңа Опера және балет театрының ашылуы барысында өзін-өзі жару арқылы өзін құрбандық ету мақсатында оны шахид ретінде террористік топқа кіруге дайындай бастаған.

Астана қалалық сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, "астаналық террористерге" қатысты іс процесі жабық есік жағдайында өтті. Істі Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы М. Жанғұттинов қарады. Үкімнің жариялануы 14 тамыз, сағат 14.30-ға белгіленді.