Бүгін мың айдан да қайырлы - Қадір түні

АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - Қасиетті Рамазан айы аяқталып келеді. Бүгін тамыздың 14-інен 15-іне қараған түн - мың айдан да қайырлы - Қадір түні.
None
None

Қазақ үшін Қадір түні әлмисақтан қадірлі екені әмбеге аян. Дегенмен әркім оны өз қадари-қалінше қастерлейді. Кейбірі түні бойы Аллаға құлшылық етіп, мешітте немесе үйінде намаз оқумен, діни кітаптар оқумен болады. Ал енді бірі «Қадір түнін күзетіп отырмын» деп, ұйықтап қалмау үшін кино көреді. Кейбір сүйегі сырқыраған қариялар бар күшін бойына жиып, маңдайын сәждеге мың тигізеді. Ал қайбір жастар Алла алдында бір рет болсын еңкеюге шамасы жетпей, төсегінде тоңқайып ұйқыға кетеді. Тағы біреулер отыз күн оразада шынжырланған жын-шайтанға «замена» болып, түнгі клубтарда сыраға сылқия тойып алып, «тойлап» жүреді.

Сонымен, осыншама қым-қуыт, шым-шытырық оқиғалардың басын қосатын бұл қандай түн?

Қасиетті Құранда Алланың өзі: «Қадір түні мың айдан да қайырлы!» дейді. Әлемдегі ең құдіретті кітап - қасиетті Құранның ең алғашқы аяттары адамзаттың асыл тәжі - ең соңғы Пайғамбарға дәл осы түні түсе бастады! Адамзат тарихындағы ең қасиетті оқиға басталған түн өзіне дейінгі және өзінен кейінгі ақыретке дейінгі күндер мен түндерден, айлар мен жылдардан қайырлы десек те, қателесе қоймаспыз. Қателессек, Алла өзі кешсін! Оның үстіне осы түннің қадір-қасиеті Пайғамбарымыздың өсиетімен ғана емес, Құран-Кәрімде тасқа басылып, Алла Тағаланың өзінен жетіп отыр. Бес аяттан тұратын «Қадыр сүресінде» Құранның Қадір түнінде түсірілгендігі, оның мың айдан қайырлы екендігі, бұл түнде Жәбірейіл періште Алла әмірімен жер бетіне түсіп, адамдарға қызмет ететіндігі және таңға дейін тыныштық болатындығы айтылады. Қадір түні періштелер мұсылмандарға дұға оқып, тілеулес болады. Сүренің қазақша мағынасы былай болып келеді: «1. Біз Оны (Құранды) қадір түні түсірдік. 2. Қадір түнінің не екенін білесің бе? (Аллаһ Тағала білдірмесе) қайдан білесің? 3. Қадір түні мың айдан да артық. 4. Ол түні Аллаһтың рұқсатымен кез-келген іс үшін Рух пен періштелер түседі. 5. (әсіресе ол түнді ғибадатпен өткізгендер үшін) таң атқанға дейін Аллаһтың рақымы мен есендігі жауады».

«Қадір түнінде бір рет «Қадір сүресін» оқу Құран-Кәрімді хатым етуден де сауапты. Бұл түні қой сауымындай уақыт намаз оқу, ғибадат ету бір ай барлық түнді ғибадатпен өткізгеннен де артық» (Тәфсири муғни) делінеді сахабалардан жеткен риуаяттарда. Енді бір сахабалар «Қадір түнін сеніп және сауабын күтіп ғибадатпен өткізген адамның өткен барлық күнәларын Аллаһу та'ала  кешіреді» (Бұхари, Муслим) дейді.

Пайғамбар хадистері мен сахабалар риуаяттарына қарағанда, Қадір түнін тап басып табу өте қиын. Қадір түні Рамазан айының ішіндегі бір түн. Қадір түнінің қай түн екендігі нақты белгісіз. Ғұламалар «Аллаһу та'ала разылығын жақсылықтардың ішіне, ашуын күнәлардың ішіне, "орта намазын" бес уақыт намаздың ішіне, әулиесін адамдардың ішіне, қадір түнін де рамазан айының ішіне жасырған» деп өсиет еткен.

«Сондықтан да Алла Тағаланың разылығына бөлену үшін ешбір жақсылықты кішімсінбеу керек. Ашуы күналардың ішінде жасырылғаны үшін ешбір күнәні де кіші демеу керек. Орта намазды жіберіп алмау үшін бес уақыт намазды уақытылы оқу керек. Әулиесі адамдардың арасында жасырылғаны үшін барлық адамдармен жақсы мәміледе болу керек. Әр көргенді Қыдыр, әр түнді қадір деп білу керек», дейді діндарлар.

Қадір түнінің нақты қай түн екенін білу үшін «Қадір түнін рамазанның соңғы он күнінің ішінен іздеңдер» (Муслим), «Қадір түнін рамазанның соңғы он күнінің 21, 23, 25, 27 және 29 секілді тақ түндерінен немесе рамазанның соңғы түнінен іздеңдер. Сауабын ойлап қадір түнін ғибадатпен өткізген адамның күнәлары кешіріледі» (И. Ахмед), «Қадір түні рамазанның 27-түні» (Әбу Дауд) деген сияқты мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Имам Ағзам хазреті қадір түнінің рамазанның 27-түніне көп тура келетінін білдірген. «Қадір түніне тура келген түнді ғибадатпен өткізген адам сауабқа бөленеді» деген хадис шәрифті ойлап жиі-жиі дәлме-дәл келетін 27-түнін ғибадатпен өткізетін болсақ, ол түн қадір түні болмаса да, үлкен сауапқа бөленеміз.

Қадір түнін сұраған бір кісіге Пайғамбарымыз «Бұл жылы қадір түні рамазанның алғашқы түні еді, өтіп кетті. 27-ші түнді ғибадатпен өткізген адамға денедегі қылдар санындай қажылық, умра, шахид және ғази сауабы беріледі»деген екен. Тағы бірде «Бұл жылы қадір түні өтіп кетті, бірақ рамазанның 27-ші түнін ғибадатпен өткіз! Қадір түнінің сауабына қауышасың. Шапағаттан нәсіпсіз қалмайсың» деп бұйырған. Хазреті Айша анамызға да «13-түн еді, өтіп кетті, қадір түнін жіберіп алсаң, 27-ші түнге қауышасың. Ол түнді ғибадатпен өткізсең, ақыретке сапар үшін азық ретінде ол түндегі ғибадат саған жеткілікті» деген. Хазреті Айша анамыз «расулуллаһ алейһиссалам рамазанның соңғы он күнінде көп ғибадат ететін еді» дегенді қалдырған.

Бүгінде елімізде Мүфтият бар, сондықтан барлық мұсылман бауырлар сол Мүфтияттың шығарған үкіміне мойынсұну керек. Ал олар бүгінгі түнді, яғни биыл тамыздың 14-нен 15-іне қараған түнді Қадір түні деп белгілегендіктен, дәл бүгінгі түнді ерекше қастерлеп, Құдайға деген құлшылығымызды аямасақ, Иншалла, Қадір түнімен қауышармыз.

Қадір түні туралы тағы бір қызықты мәселе Пайғамбар заманынан жетіп отырған осы түннің белгілері қандай болады деген сұрақ. Риуаяттарда бұл түнде аспан ашық және тыныш болады, ыстық та суық та болмайды. Ертеңіне күн қызарып, шуақсыз туады. Қадір түнінде ит дауысы естілмейді деген ғалымдар да болған. Хазреті Убәйд бин Омар: «Қадір түнінде теңізге түскен едім. Суын ішкенімде тұзды емес еді, тұщы және жағымды еді» деген екен. Бұл да болса, Қадір түнінің бір қасиеті деп білдік.

Басқа да Хадис шәрифтерді оқысақ, «Қадір түні аспан ашық және жағымды болады. Суық және ыстық емес, таңертеңгісін күн қызарып туады» (Табарани), «Қадір түні ашық аспанды болады, ыстық және суық емес. Бұлтсыз болады. Жаңбыр және жел болмайды. Ол түннің азанының белгісі күннің шуақсыз шығуы» (Табарани), «Қадір түнінің таңында күн шуақсыз туады. Көтерілгенге дейін бір табақ секілді болып көрінеді» (Муслим) деген қызықты деректерге тап боламыз.

Ал енді Қадір түнінің маңыздылығына келер болсақ, тағы да сол дін ғұламаларынан жеткен риуаяттарға бағынамыз.

Қадір түні Рамазан айының ең құнды, ең қасиетті түні. Қадір түні тек осы мұсылман үмметі, яғни тек біздің ғана еншімізге жазылған несібе. Басқа пайғамбарларға мұндай ізгілікті түн берілмеді. Хадис шәрифте: «Аллаһу та'ала Қадір түнін үмметіме сыйлады, басқа үмметке бермеді» делінген (Дәйләми).

«Расулуллаһқа өзінен бұрынғы адамдардың өмірлерінің қандай болғандығы білдірілгенде өз үмметінің өмірлерінің қысқа екендігін көрді. Өмірлері ұзақ болған бұрынғы үмметтердің орындаған салих (жақсы) амалдарын өз үмметі орындай алмайды деп ойланған кезінде, Аллаһу та'ала Оған мың айдан қадірлі болған Қадір түнін ихсан етті. Аллаһу та'ала «Қадір түні сенің үмметіңдікі» деп, хабибінің көңілін жайландырды» дейді Имам Мәлік. Тағы бір хадисте: «Расулуллаһ алейһиссалам «Исраил ұрпақтарының пайғамбарларынан 80 жыл үздіксіз ғибадат еткендері болды» дегенінде Сахабалар таңырқап қалды. Жәбірейіл алейһиссалам келіп «Йа Расулаллаһ, үмметің айтылған пайғамбарлардың (басқа жұмыстарының тысында) 80 жыл үздіксіз ғибадат еткендеріне таңырқап жатыр. Аллаһ саған одан да жақсысын берді» деп «Қадір түні мың айдан қайырлы» деген аятты оқыды (Рияд-ун-насихин) деген деректер келтіріледі.

Енді аздаған арифметикаға жол берейік. Балиғатқа толғаннан кейін 50 жыл өмір сүрген адам, 50 рет Қадір түнін өткізеді делік. Бір түні 80 (мың айымыз сексен жылдан астам уақыт - автор) жылға татитын болса, 50-ді 80-мен көбейтіп кеп жіберсеңіз, 4000 жыл болып шыға келеді. Яғни, қамшының сабындай қысқа ғұмырында 50 шақты рет Қадір түнін құлшылықпен өткізген адам, 4 мың жыл ғибадат еткенмен бірдей болады деген сөз.

Рамазанда барлық жын-шайтандарға шынжыр салынатын болса, Қадір түнінде барлық періштелер жерге мейлінше жақындайды. Бұл түні таң ағарып атқанға дейін Аллаһ Тағаланың мейірімі төгіліп тұрады. Ендеше, қапы қалмай, Қадір түнінің қадірін білейік, өзіміздің де қадірімізді арттырайық.

Қадір түні қабыл болсын, ағайын!

Соңғы жаңалықтар