Бүгін - Отан қорғаушы күні
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1992 жылдың 7 мамырында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Егемен ел - Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды.
2012 жылы ҚР Үкіметі 7 мамырды мемлекеттік мереке - Отан қорғаушы күні ретінде белгіледі.
Осылайша, жалпыұлттық мерекеге айналған 7 мамыр - айбынды әскердің айтулы күні ретінде жыл сайын аталып өтіп келеді.
Дербес елдің Қарулы Күштері құрылған уақытта Жоғарғы Бас Қолбасшылық Президентке жүктелсе, Тәуелсіз елдің тұңғыш Қорғаныс министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағанбетов тағайындалды. 1992 жылы ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшының Жарлығымен Құрлықтағы әскер, Əуе қорғанысы күштері мен Əскери-теңіз күштерінің бас штабтары бекітілген еді. Аэроұтқыр күштерге Жоғарғы Бас Қолбасшының резерві құзыры беріліп, 2001 жылдан бастап Қазақстан Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс - төрт әскери өңірліктерге бөлінді. 2012 жылғы 3 мамырда Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдығы туралы» Бұйрығы негізінде «Отан қорғаушы күні» бекітіліп, оның құрметіне 2013 жылы Астанада тұңғыш рет жауынгерлік парад өтті. Оған 7 мыңнан астам әскери қызметші, 400 бірліктен аса әскери техника, 86 ұшақ пен тікұшақ тартылған еді.