Бүгін Парагвайда президенттік сайлау өтеді

АСТАНА. 21 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Парагвайда президент сайлауымен бір мезгілде парламент депутаттары мен губернаторларды сайлау өтеді.

Бүгін Парагвайда президенттік сайлау өтеді

Бұл туралы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасап РБК хабарлады.

Жаңа президенттің сайлануы Парагвайға өткен жылы елдің бұрынғы президенті Фернандо Лугоға сенімсіздік танытылуы салдарынан құрлықтағы көршілермен арада тосыннан үзілген қарым-қатынасты қалпына келтіруге септігін тигізуі тиіс. Лугоның лауазымынан кетуі Парагвайдың Оңтүстікамерикалық ұлттар одағындағы мүшелігінің және Оңтүстік Америка елдері ортақ нарығы туралы келісімнің тоқтауына себеп болды.

Президент лауазымына Орасио Картес пен Эфраин Алегре негізгі кандидаттар болып тіркелген. Кәсіпкер Картес 2008 жылға дейін 60 жыл бойы билік тізгінін ұстаған «Колорадо» партиясының өкілі. Ал заңгер Алегре болса, қазіргі уақытта билік басындағы Либералды партияның атынан кандидат.