Бүгін - Паркинсон ауруына қарсы күрестің дүниежүзілік күні
АСТАНА. 11 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін бүкіл әлемде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен Паркинсон ауруына қарсы күрестің дүниежүзілік күні атап өтілуде.
Паркинсон сырқаты - орталық нерв жүйесінің созылмалы үдемелі ауруы, ол туралы алғаш рет 1817 жылы ағылшын дәрігері Джеймс Паркинсон жазды. Сырқаттың негізгі белгілері: қолдардың дірілдеуі, қозғалыстың баяулығы, ауырсыну, тірек-қимыл динамикасының және психиканың бұзылуы. Адам есін анық білгенімен сырқат оны толық мүгедектікке алып келеді. Аурудың пайда болу себебі осы күнге дейін белгісіз.
Әдетте Паркинсон сырқаты 40 жастан кейін дами бастайды, дегенмен, бұл ауруға бұдан ертерек жаста да шалдығу жағдайлары тіркелген. Сырқаттың өрбуін зерттеу бағытында қол жеткізілген ғылыми жетістіктерге қарамастан, медицинада Паркинсон ауруын нәтижелі емдеудің әдістері әлі күнге дейін жоқ.