Бүгін Парламент кітапханасы ашық есік күнін өткізуде
АСТАНА. Желтоқсанның 11-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламентінің кітапханасы ашық есік күнін өткізуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Парламент кітапханасы 1991 жылы Жоғарғы Кеңес кезінде құрылған. Кітапхананың басты мақсаты - Сенат және Мәжіліс депутаттарын, қос Палатаның аппарат қызметкерлерін заң-құқықтық, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық құжаттармен, материалдармен қамтамасыз ету. Шетелдік әріптестерімен де тығыз байланыс жасап тұрады.
Мемлекет басшысының ішкі және сыртқы саясаттағы қызметі, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделі жайлы жарық көрген басылымдар мен жинақтар көрмеге қойылған. Сондай-ақ «Қазақстан және ЕҚЫҰ» тақырыбымен мақалалар мен кітаптар көрермен назарына ұсынылған. Кітапханада жаңадан шығып жатқан жұрналдар мен кітаптар таныстырылуда.
Бұл шараны ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының ақпараттық-талдау бөлімі ұйымдастырып отыр. Осы бөлімнің жетекшісі Индира Мамашеваның айтуынша, кітапхана қорын толықтыру мақсатында Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының кітапханасымен, Ресей Ғылым Академиясының Мемлекет және құқық институтымен, Ресей Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтымен, сондай-ақ ТМД елдерінің бірқатар парламенттік кітапханаларымен тығыз байланыс орнатылған. «Біз шетел Парламенттеріндегі кітапханалардан сол елдердің жаңа заңдарын, құқықтық саладағы басылымдарын алдырамыз. Өз кезегінде Қазақстанның жаңадан қабылдап жатқан заңдарын шетел Парламенттеріне жіберіп отырамыз»,- деді Индира Бейсембекқызы.
Қазір кітапхана қорында 30 мыңнан астам кітаптар мен мерзімді басылымдардың қоры бар. Оның ішінде кітаптардың үлесі 13 мыңнан асады. 16 мыңнан астамы - газеттер мен жұрналдар. Кітап қорында парламентаризм, мемлекет және құқық, экономика, тарих, саясат, философия және басқа салалар бойынша ғылыми және оқулық басылымдар сақталған. Анықтамалық-сараптамалық материалдар да өте көп.
«Біздің кітапханадан депутаттар мен Аппарат қызметкерлері Қазақстан мен көптеген шетелдің заңдарын қағазға басылған түрінде және электрондық нұсқасында алуына болады. Тіл үйренемін деген адамдарға қазақ, ағылшын тілін меңгеруге жәрдемдесетін электрондық түрдегі көмек құралдары да бар»,- дейді Мәжіліс Аппараты ақпараттық-талдау бөлімінің сектор меңгерушісі Ырыс Кәрімова.