Бүгін Парламент Мәжілісінде Наурыз мейрамы тойланды

АСТАНА. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Парламент Мәжілісінде Наурыз мейрамы тойланды. Ізгі тілектер айтылып, ән шырқалды. Заң шығарушы органның атқарған қызметі және алдағы жоспарлары сөз болды.

Бүгін Парламент Мәжілісінде Наурыз мейрамы тойланды

Осы салтанатты шараға қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Оспанов Наурыз мейрамы күніне орай халыққа арнаған тілегін ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

Депутат өзі туып-өскен Маңғыстау өңірі Наурызды ерте қарсы алатынын жеткізді.

- Еліміздің батыс аймағында 14 наурыздан бастап халықта айрықша көңілді мереке күндері басталады. Әр адам бірін-бірі Жаңа жылмен құттықтайды. Жасы кішілері үлкендерге барып, сәлем беріп көріседі. Жаңа келген жылымен құттықтайды. Бұл ертеден келе жатқан дәстүр. Мұны облыстық, қалалық, аудандық әкімшіліктер де қолдап отыр. Ресми түрде Наурыз мейрамы осы айдың 22-сі екені және оның тойлануы 21-і мен 23-і күндері деп белгіленгені анық.

Бұдан әрі депутат Серік Жәмекұлы өзінің тілегін айтты:

- Жаңа жылымыз құтты жыл болсын! Осы басталған жылда жақсы жаңалықтар көп болсын! Жер шарындағы елдерге назар салсақ, әр түрлі оқиғалар болып жатыр. Қаржы дағдарысы да талай елдердің еңсесін түсіріп тұр. Сондай әр түрлі қиындықтардан аман болайық. Әр отбасында бақыт, қуаныш, береке болсын! Еліміз аман, аспанымыз ашық болсын!- деді депутат Серік Оспанов.