Бүгін Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарында дауыл тұрып, 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғуы ықтимал - ТЖ
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ТЖМ-ға сілтеме жасап.
Министрліктің хабарлауынша, бүгін Қазақстанның бірқатар аймағы атмосфералық ағым аймағында болады. Республиканың солтүстік, солтүстік-шығыс және шығысына Батыс Сібірден келетін суық ауа тарайды.
Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Ақтөбе және Қостанай облыстарында кей жерлерде тұман, көктайғақ болады. Алматы облысының Жалаңашкөл ауданында секундына 18-23 метр жылдамдықпен соққан жел, кей уақыттары 28 м/с-қа дейін жетеді деп күтілуде.
Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында кей жерлерде тұман сақталады.
Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарының кей аумақтарында дауыл тұрып, секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғады.
Осы тәулікке жасалған гидрологиялық болжамдарға сәйкес, Қазақстанның өзендері мен көлдеріндегі сулы-мұзды режімнің айтарлықтай өзгерісі болмайды. Сырдария өзенінде мұздың қатуы күтілмейді.