Бүгін республиканың 4 облысында жауын-шашын болып, найзағай ойнайды - Қазгидромет
АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстікте, шығыста, орталықта кей жерлеріне ауа райы жауын-шашынсыз болады деп күтілуде. Қазақстанның қалған аумақтарында атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты өткінші жауын жауып, күн күркіреп, жел күшейеді.
Бұл туралы Қазгидромет хабарлады.
Ақмола, Жамбыл, Қостанай, күндіз Батыс Қазақстан облыстарының кейбір жерлерінде күн күркіреп, желдің күші 15-20 м/с-қа жетеді. Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Атырау облыстарының кей өңірлерінде күндіз найзағай ойнайды деп күтілуде. Солтүстік Қазақстан облысының кейбір өңірлерінде тұман түсіп, желдің күші 10-20 м/с-қа жетеді. Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының кей аудандарында жел 15-20 м/с-қа күшеймек.
Қызылорда, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде төтенше жоғары өрт қаупі сақталады.
Таяу тәулікте Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары шегінде Есіл өзенінде су деңгейінің ауытқуы күтіледі. СҚО шегінде су басу қаупі сақталады. Қорғалжын ауданының шегінде Нұра өзенінде су деңгейі одан әрі көтеріліп, су жайылып, басуы мүмкін. Орал өзенінде су біртіндеп көтерілуі күтіледі. Республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығыс өзендерінде су деңгейінің ауытқуы байқалады.