Бүгін «Салтанат» би ансамблі елордалық әйелдерге арнап концерт береді

«Концерттік бағдарламаға қазақтың және әлем халықтарының билері енгізілген. Сондай-ақ, көрермендер назарына Болат Жандарбеков шығармасының желісі бойынша «Салтанат» би ансамблінің көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлсәуле Орымбаеваның «Томирис» балетінен үзінді ұсынылады», - деп жазылған бұқаралық ақпарат құралдарына таратылған хабарламада.
Сонымен қатар, концертке Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов пен фольклорлы-этнографиялық «Тұран» ансамблі қатысады.
«Салтанат» ансамблі 1955 жылдың 5 тамызында Қазақ КСР Мемлекеттік би ансамблі болып құрылды. Музыка, вокал мен хореография өнерін дамытудағы орасан еңбегі үшін және жоғары дәрежедегі орындау шеберлігі үшін Қазақ КСР Жоғары Кеңес Президиумының Үкімімен 1967 жылы ансамбльге «Еңбек сіңірген» деген құрметті атақ берілді.
1989 жылдың 20 ақпанында ҚазКСР Ән және би ансамблі ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі болып қайта құрылды.
«Салтанат» ансамблінің қазіргі таңдағы шығармашылық даму кезеңінде Қазақстан халықтары билерінің сан алуан түрлерін және әлем халықтарының хореографиялық мәдениетін қамтитын репертуары 150 нөмірден асады.
Қазіргі таңда «Салтанат» би ансамблі ұлттық хореография мәдениеті мен әлем хореографиясының сан алуан бай мұрасын толыққанды дәріптейтін бірегей кәсіби би ұжымы болып табылады.