Бүгін сайлау үдерісіне қатысушылардан шағымдар мен өтініштер келіп түскен жоқ - ҚР ОСК
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенат депутаттарын сайлау барысында қауіпсіздік пен тәртіп сақтауды қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар қабылдаyды. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы ғимаратында өткен баспасөз мәслихатында ҚР ОСК мүшесі Марат Сәрсембаев мәлім етті.
«Бүгін еліміздің барлық өңірінде ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру өтуде. Дауыс беру бюллетеньдеріне ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына тіркелген 39 кандидаттың тегі енгізілді. Астана уақытымен сағат 11-дегі жағдай бойынша таңдаушылардың барлық отырыстары ашылды», - деді ол.
М. Сәрсембаевтың сөзіне қарағанда, алдын ала мәліметтерге сәйкес таңдаушылардың келуі өңірлер бойынша мынандай: Астана- 100 пайыз, Алматы-97,1 пайыз, Ақмола облысы-98,9, Ақтөбе облысы-98,5, Алматы облысы-99,1 пайыз, Қарағанды облысы-99 пайыз, Қостанай облысы - 98,6 пайыз, Маңғыстау облысы - 100 пайыз, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында 97,6 пайыз деңгейінде.
«Сайлау комиссиялары мен жергілікті билік органдары қауіпсіздік пен тәртіп сақтауды қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдады. Сайлау заңнамасының нормаларын бұзу фактісі тіркелген жоқ. Орталық сайлау комиссиясына және Астана мен Алматы, сондай-ақ облыстық сайлау комиссияларына бүгін сайлау үдерісіне қатысушылардан, азаматтар мен ұйымдардан шағымдар мен өтініштер келіп түскен жоқ», -деді ол.
Айта кетейік, күнтізбелік жоспарға сәйкес, 29 қыркүйек, 24.00-де үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аяқталды. Үгіт-насихат шарасының аясында сайлаушылармен 11-29 қыркүйек аралығында аймақтарда 266 кездесу өтті. 30 қыркүйекте, сонымен бірге дауыс беру күні - 1 қазанда кез келген сайлауалды үгіт-насихатқа тыйым салынды.
Сайлау заңнамасының талабына сәйкес қазіргі уақытта таңдаушылардың барлық тізімі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Таңдаушылардың бірлескен отырысы егер оған облыстың барлық мәслихаттарынан сайланған депутаттардың 50 пайыздан астамы қатысса заңды болып саналады.