Бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекс жобасы қаралды
ТАНА. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекс жобасы қаралды,деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Осы жобада некені қиюдың, тоқтатудың, оны жарамсыз деп танудың шарттары мен тәртібі айқындалған. Ерлі-зайыптылардың, баланың (балалардың), ата-аналардың, бала асырап алушылардың құқықтары мен міндеттері нақтыланды. Баланы асырап алудың тәртібі, қорғаншылық пен қамқоршылықты реттеу мәселелері регламенттелді. Отбасы мүшелерінің, ерлі-зайыптылардың, бұрынғы ерлі-зайыптылардың және отбасының басқа да мүшелерінің алименттік міндеттемелері бекітілді.
Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасы нормаларының шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылу ерекшеліктері айқындалды.
Кодекс жобасына бірқатар жаңа ережелер де бар: суррогат ана болу және ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын қолдану мәселелерін реттейтін нормалар енгізілді; балалар мекемелерінің күтіп-бағуында болатын кәмелетке толмаған қамқорлыққа алынушылардың мүлкін қорғау мәселелері нақтыланды; бала асырап алу жөніндегі агенттіктерді аккредиттеу нормалары кодификацияланды; мемлекеттік органдардың азаматтық хал актілерін тіркеуінің тәртібі реттелді.
Заң жобасын Сенатта талқылау барысында оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындады.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының және шетелдіктердің бала асырап алуының тәртібі Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияға сәйкес келтірілді.
Шетелдік бала асырап алушылардың асырап алынған балалардың тіршілік жағдайы, оқуы және денсаулығының жай-күйі туралы есептер ұсынуының тәртібі регламенттелді.
Бала асырап алу жөніндегі агенттіктерді аккредиттеу, сондай-ақ оларды аккедиттеу туралы шешімнің қолданысын тоқтата тұру және мерзімінен бұрын тоқтату бөлігіндегі нормалар нақтыланды.
Бұдан басқа, Кодекс жобасының нормаларын қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтіретін, сондай-ақ нақтылау және редакциялық сипаттағы бірқатар түзетулер енгізілді.
Заң жобасы палатаның қарауына жіберілді.