Бүгін Шекара әскерінің құрылған күні
АСТАНА. 18 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Шекара әскерінің құрылған күні. 1992 жылғы тамыздың 18-індегі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Шығыс шекара округі негізінде Қазақстан Республикасы Шекара әскері құрылды.
Бірақ ресми дата Қазақстанның мемлекеттік мерекелері күнтізбесінде 2012 жылғы 29 тамызда ғана пайда болды.
Ауқымында елдің егемендігі мен тәуелсіздігін кең көлемді түрде жүзеге асыра алар аумағы мен шекарасы болуы мемлекеттің негізгі белгісі болып табылады. Бұл сол мемлекеттің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ететін Шекаралық қызметтің айрықша маңызын айқындайды.
Шекара қызметінің басты міндеттеріне:
Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын, оның мемлекеттік шекарадағы аумақтық тұтастығы мен экономикалық мүдделерін күзету және қорғау;
Республиканың мемлекеттік шекара туралы заңдарын сақтауды қамтамасыз ету және мемлекеттік шекараның режімдері мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар мен келісімдерден шығатын міндеттерді орындау;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарадағы қорғанысы мен қауіпсіздігі міндеттерін орындауға қатысу;
Қазақстан Республикасының құқық қорғау, табиғатты қорғау органдарының шекара сызығындағы азаматтар, табиғат байлықтары мен қоршаған ортаны қорғауға көмектесу жатады.
Қазақстанның мемлекеттік шекарасы 14 мың шақырымнан астам қашықтықты алып жатыр.