Бүгін «Шелл» компаниясы мен «Қазэнерджи» қауымдастығының өкілдері «Шелл» компаниясының гранттарының иегерлерімен кездесті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, «Шелл» компаниясы «Қазэнерджи» қауымдастығының білім беру бағдарламасының басты демеушісі болып табылады және аталмыш компания міне бірнеше жылдардан бері қауымдастықпен бірге қызмет етіп, оның даму бағдарламасының еліміз үшін барынша тиімді әрі ықпалды болуына үлкен үлес қосып келеді. Компания өзінің гранттарын жеңіп алған жастардың 4 жыл бойы еліміздің жетекші оқу орындарында білім алуларына мүмкіндік жасап, қажетті шығындардың барлығын өтеп отырады.
«Қазэнерджи» қауымдастығының атқарушы директоры Әлиакпар Мәтішевтің айтуынша, қауымдастықтың білім беру бағдарламасы 4 жылдан бері жұмыс істеп келеді. «Біз бағдарлама бойынша мұнай, газ саласында қызмет етуге ниет білдірген, бойында ерекше дарыны бар, бірақ әлеуметтік жағынан мүмкіндіктері шектеулі жастарды іріктеп аламыз. Олар түбінде елдің экономикасын диверсификациялау жұмыстарына атсалысулары қажет. Бүгінде еліміздің мұнай, газ саласы отандық білікті кадрларға зәру болып отыр. Сондықтан біз оқытып жатқан студент жастар еліміздің мұнай, газ саласындағы адам капиталының қазақстандық үлесін арттыруға елеулі үлес қосады деген үміттеміз. Әрине, бүгінгі студенттермен кадрға қатысты мәселелердің барлығы шешіліп кетеді деп айтуға болмас. Бірақ біз қолға алып отырған шара үлкен істің бастамасы ғана. Сондықтан болашақ білікті мамандардың қатары әлі арта береді деген ойдамын», деді атқарушы директор.
Бүгінгі кездесуге «Қазэнерджи» қауымдастығының білім бағдарламасы негізінде еліміздің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 13 студент қатысты. Шараның мақсаты студент жастардың «Шелл» компаниясы мен «Қазэнерджи» қауымдастығының қызметі мен жұмыстары жөнінде кеңірек мағлұмат алып, аталмыш ұжымдардың басшылығымен тілдесіп, өздерінің қарым-қабілеттерін танытып, көзқарастарымен бөлісу болып отыр. Шара барысында олар «Шелл» компаниясының ғимаратын аралап, түрлі ойын-сауық бағдарламаларына қатысатын болады. Компания өкілдері өздері ұйымдастыратын ойындар мен жарыстардың жеңімпаздарына арнап, сыйлықтарын да дайындап қойған.