17:49, 21 Қаңтар 2009 | GMT +5
Бүгін Статистика агенттігінің кезекті брифингі өтті
АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін ҚР Статистика агенттігінің дәстүрге айнала бастаған апта сайынғы брифингі өтті.

Кездесу барысында Тұрақты санақ учаскелерін ұйымдастыру шаралары сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Тұрақты учаскелер әрбір санақ бөлімінде ұйымдастырылады. Теміржол, автожол, теңіз және өзен вокзалдарында, әуежайларда, базарларда және тағы басқа адамдардың қысқа уақыт болатын орындарында құрылады. Тұрақты санақ учаскелеріндегі жұмыстар халықтың оларға қалаған уақытта хабарласуына болатындай ұйымдастырылуы тиіс. Әзірге тұрақты учаскелердің 60 пайызы құрылды», - деді аталмыш агенттіктің баспасөз хатшысы Динара Жандаева.Брифингте республика азаматтарын кеңінен хабардар ету үшін өткен жылдың қыркүйек айынан бастап ҚР Статистика агенттігі ұялы байланыстың жетекші операторларымен ынтымақтастық жөнінде келіссөздер жүргізгендігі айтылды. Олардың барысында ұялы байланыстың барлық абоненттеріне смс-хабарлама жіберу жөніндегі келісімге қол жеткізілді. Activ, Neo, Beeline, Pathword сияқты ұялы байланыс операторлары смс-хабарламалары арқылы еліміздің әрбір азаматын Ұлттық халық санағының басталуы, барысы мен аяқталуы туралы ұдайы хабардар етіп отырмақ.