Бүгін таңертең Алматыда тағы жер сілкінді

АСТАНА. 4 мамыр. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін таңертең Алматыда тағы жер сілкінді.
None
None

ҚР Білім және ғылым министрлігі «Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы» мемлекеттік мекемесінің (ҚР БҒМ «СТӘЭ» ММ) ақпаратына сәйкес, 4 мамыр таңертеңгі сағат 8.25-те Алматы қаласынан 75 шақырым жерде жер сілкінді. MSK-64 бағаны бойынша 2-3 балл қуатымен жерасты дүмпулері Маловодное және Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген кенттерінде сезілді.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінен анықтағандай, құрбандар мен қираулар туралы ақпараттар жоқ.

«ҚР БҒМ «СТӘЭ» ММ, Сейсмология институты және ҚР ТЖМ «Болжам» ғылыми-өндірістік кешенінің болжамдары бойынша, 2011 жылғы 28 сәуір мен 4 мамыр аралығында Алматы болжау полигонының аумағында MSK-64 сейсмикалық бағаны бойынша қуаты 7 баллдан асатын жер сілкінісі болмайды», - делінген таратылған хабарламада.

Еске салайық, бұл соңғы күндер ішінде Алматыда болған бірінші жер сілкінісі емес. 1-2 мамыр күндері Алматы қаласы мен Алматы облысының аумағында 8 жерасты дүмпуі тіркелген болатын. 1 мамыр күні 4 жер сілкінісі орын алды. Жерасты дүмпулерінің кіндігі Алматының солтүстік-шығысына қарай 73-75 шақырым жерде болды. Бірінші дүмпу сағат 08.31-де, екіншісі - 13.41-де, үшіншісі - 15.13-те, төртіншісі 17,37 минутта тіркелді. Жерасты дүмпулері Алматыда - 4 балл, Талдықорғанда -3-4 балл шамасында сезілді.

2 мамырда да төрт жер сілкінісі болды. Алғашқысы - 02.29 -да тіркеліп, жерасты дүмпуі Алматы қаласында 4 балл шамасында сезілді. Екінші дүмпу - 05.27-де, үшіншісі - 05.52-де, төртіншісі 08.31-де болды. Жерасты дүмпулері Алматы қаласында 2-3 балл шамасында тіркелді.

Барлық 8 жер сілкінісінің кіндігі Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Екпінді ауылының төңірегінде болды.

3 мамыр күні 17 сағат 33 минутта Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында К=10,0 энергетикалық қуатымен тағы жер сілкінді. Жерасты дүмпулері Моловодное кентінде және Есік қаласында MSK-64 бағаны бойынша 2-3 балл қуатымен байқалды. Адам шығыны мен қираулар болған жоқ.

Соңғы жаңалықтар