Бүгін таңертен Шығыс Қазақстан облысы мен Астана қаласындағы автожолдарда қозғалыс шектелді
АСТАНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат - Бүгін, ақпанның 11-і күні таңертең ауа райының қолайсыздығына байланысты Шығыс Қазақстан облысы мен Астана қаласындағы автожолдарда қозғалыстарға шектеу қойылды,
деп хабарлады ҚР ТЖМ-ның баспасөз қызметі.
Мәселен, сағат 07.00-де үскірік аяздардың болуына орай Астана қаласынан барлық бағыттар бойынша шығатын автожолдар жолаушылар және дизельді көліктер үшін жабылды.
Сондай-ақ 10 сағат 00 минутта қатты соққан жел мен қарлы боранның болуына байланысты Шығыс Қазақстан облысында көліктің барлық түрі үшін республикалық маңыздағы «Қарағанды-Аягөз-Боғаз» автожолының 525-704 шақырым аралығындағы бөлігі жабылды.
Сонымен бір мезгілде кеше, ақпанның 10-ы күні жабылған Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарындағы күре жолдар көліктің барлық түріне қайта ашылды.