Бүгін түн жарымда «Астана Таңдауы» халықтық байқауына дауыс беру аяқталады

АСТАНА. 24 маусым. ҚазАқпарат - 15 күнге созылған «Астана Таңдауы» байқауының үміткерлеріне халықтық дауыс беру аяқталуға таялды. Жақында өз қаһармандарын бүкіл ел білетін болады. Дауыс берудің жабылуына бірнеше сағаттар ғана қалды. Алдын ала жасалған есеп бойынша, өздерінің дауыстарын 74 185 адам берген, деп хабарлады astana.kz сайты.

Бүгін түн жарымда «Астана Таңдауы» халықтық байқауына дауыс беру аяқталады

Қала тұрғындары «Астана Таңдауы» байқауында үздік мұғалімді, дәрігерді, инспекторды, құрылысшыны, жолшы мен қоғамдық көлік жүргізушісін және энергетикті бар ынталарымен таңдауда.

Өтінім қабылдау 1 наурызда басталып, 10 шілдеге дейін ұзартылды. Осы уақытта 7 аталым бойынша 170 өтінім келіп түсті. Ал дауыс беру елорда әкімдігінің www.astana.kz. ресми интернет ресурсында 10 маусымнан басталды.

Тек бірінші тәулікте ғана 7000-ға тарта адам «Астана Таңдауы» байқауы үміткеріне дауыс берді. Ал 10 күнде www.astana.kz. ресми интернет ресурсында 25000-нан астам жаңа бірегей пайдаланушы пайда болды.

Биылғы жылғы жаңалықтың бірі дауыстарды адамның қатысынсыз компьютерлік бағдарлама санайды. Астана әкімдігі сайтындағы халықтық дауыс беру жүйесі тек бір адамға бір рет электронды дауыс беруге мүмкіндік туғызады. Осы тұрғыдан алғанда, дауыс беру шынайы және әділетті болып табылады.

Ең көп және белсенді мұғалім аталымы бойынша байқауға 58 педагог ұсынылды. Екінші орында 32 «үздік» медицина қызметкері атағына ұсынылса, үшінші орынға 24 үміткерге дауыс берген энергетиктер шықты. Сонымен қатар, байқауға 17 инспектор, 16 құрылысшы, 14 жолшы, 9 қоғамдық көлік жүргізушісі қатысуда. Дауыс беру 10 маусымда басталып, бүгін түн ортасына дейін жалғасады.

Әр аталымдағы дауыс саны бойынша бүгін әлеуетті көшбасшы анықталды. Жекелеген педагогтарға 20 мыңға тарта адам дауыс берді. Алайда, түпкілікті нәтижені тек ертең көруге болады.

Жалпықалалық «Астана Таңдауы» байқауының жеңімпаздарына халық сүйіспеншілігінен басқа материалдық жүлделер тапсырылады. Оларды марапаттау 6 шілде күні Конгресс-холлда өтеді.