Бүгін түнде Астанада мерекелік отшашу болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астананың туған күнінде қала тұрғындары мен қонақтары мерекелік отшашуды тамашалай алады. Бұл барлық мерекелік шаралардың қорытындысы іспетті болмақ, деп хабарлайды astana.kz.
Фейерверктер шоуы жергілікті уақыт бойынша сағат 23:00 басталып, 10 минутқа созылады. Биылғы отшашу қаланың 5 жерінде өтеді: Есіл өзенінің жағалауы, "Хан Шатыр" СОО алаңы, Пушкин көшесі мен Абылай хан даңғылының қиылысы, Music Hall мейрамханасының жаны және "Арман" дүкені жанындағы "Жас батыр" стадионының аумағы. Айта кетейік, елорда күні аясында Астана қаласында 100-ден астам бірегей мерекелік мәдени шара ұйымдастырылған. Алғаш рет Астана төрінде бірінші халықаралық жекпе-жек өнері фестивалі, лазерлік-пиротехникалық шоу, әлемдегі би өнерінің озық өкілдерінің қатысуымен экстрим шоулар, иллюзионистердің сиқыры көпшілік назарына ұсынылды. Қала көшелерінде этноауылдармен қатар 3D қалашықтар орын теуіп, Есіл өзенінің жағалауында әлем елдерінің мәдениетімен танысуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ Астана аспанына жүздеген батпырауық пен шарлар ұшырылды, қалалық саябақтарда ең ірі фестивальдар мен халықтық серуендер өтті.