Бүгін түнде бүкіл адамзатқа Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған - Қадір түні
Өткен тамыз айының 11-і күні кірген Рамазан айы үстіміздегі қыркүйектің 8-і күні аяқталады.
«Қадыр» сөзі - «қадір-құрмет», «тағзым» деген мағыналарды білдіреді.
Бұл түні мұсылмандар таң атқанша көз ілмей, Алла Тағала атына мадақ айтып, құлшылық жасайды. Өйткені, дәл осы Қадір түнінде адамзатты Алла жолына алып баратын - Құран Кәрім түсті. Бұл жайлы арнайы «Қадір» сүресі де түскен. Алла елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде Қадір түнінің қасиеті жайлы: «Кімде-кім сауабын тек қана Алладан күтіп, ықыласпен сол түнді ғибадат жасаумен өткізсе, күнәлары кешіріледі», - деп айтқан. Қадір сүресінде аталған түнде жасалған құлшылық сауабы мың ай (мың ай - 83 жыл, 4 айға тең келеді) жасаған ғибадатқа тең екендігі айтылған.
Мүбәрак ай ішіндегі берекетті, сауабы мол, дұға-тілек қабыл болатын түнді әрбір мұсылман құлшылықпен өткізері шүбәсіз.
Рамазан айынан кейін,қыркүйектің 9, 10, 11-і күндері айт мерекесі болады. Айт намазы Астана мешіттерінде таңертеңгі сағат 7.00-де оқылады.