Бүгін Үкімет басшысы төтенше жағдайлар мәселелері жөнінде кеңес өткізді

«ТЖ бойынша кеңес өткіздім. Шаралар әзірледік. Министрлер В.Божко, А.Жұмағалиев бүгін баспасөз-мәслихатын өткізеді», - деп жазған ҚР Үкімет басшысы өзінің Twitter-дегі блогында.
Бүгін Алматыда және Алматы облысындағы соңғы жерасты дүмпулері кезіндегі мемлекеттік органдардың іс-әрекеттерінің «мәселесін талдаған» тағы бір кеңес өткіздім. Жер сілкіністері кезіндегі орталық және жергілікті органдардың іс-әрекеттерінің тиімділігін арттыратын іс-шаралар әзірлеу басты назарда», - деп жазған ҚР Премьер-Министрі блогында.
«ТЖМ, Байланыс және ақпарат, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктеріне және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдарға жер сілкіністерінің балдық қуатына қарамастан, өзара іс-қимылдың егжей-тегжейлі тетіктерін дайындауды, сондай-ақ зілзала кезінде қалай әрекет етуге азаматтарды оқыту жүйесін құруды тапсырдым. ТЖМ мен Байланыс және ақпарат министрлігіне қауіп-қатер кезінде де, жер сілкінісі пайда болған жағдайда да халықты құлақтандырудың республикалық жүйесін дереу қолдануға тұрақты дайындықты қамтамасыз етуді және осы орайда ең озық ақпаттық құралдарды пайдалануды ерекше тапсырдым. Мұның барлығын өзімнің жеке бақылауыма аламын.
Төтенше жағдайлар, Байланыс және ақпарат, Білім және ғылым министрлері Алматы мен Алматы облысындағы соңғы жер асты дүмпулері кезінде салғырттыққа жол берген кінәлілерді жазалайтын болады. Толығырақ В.Божко мен А.Жұмағалиев жуық арада арнайы баспасөз- мәслихатында айтады», -деп атап өткен ҚР Үкімет басшысы.