16:26, 06 Наурыз 2009 | GMT +5
Бүгін Ұлттық халық санағы аяқталды. Санаққа ілікпей қалған азаматтарды тіркеу жұмыстары әрі қарай жүргізіле береді ? А.Мешімбаева
АСТАНА. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін, наурыздың 6-сы күні Қазақстанда Ұлттық халық санағы аяқталды. Дегенмен, наурыздың 7-і мен 16-сы аралығында республикада санаққа ілікпей қалған азаматтарды тіркеу жұмыстары одан әрі жүргізілетін болады.
Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Статистика агенттігінің төрайымы Анар Мешімбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Осы орайда Статистика агенттігінің өкілдері халық санағының белгіленген ресми мерзімі аяқталғаннан кейін де үйіңізге санақшылар келіп жатса, таңғалмауды сұрады. Сондай-ақ олар санақ жүргізілген он күнде қандай да бір себептермен санақшыларды үйлерінде қабылдай алмай, тіркеуден өтпеген азаматтарға бланкілерді стационарлық санақ учаскелеріне барып толтыруларына болатынын жеткізді. Наурыздың 5-індегі жағдай бойынша республикада 15 миллион 555 мың 601 адам санақтан өтті. Бұл жалпы халық санының шамамен 99 пайызын құрап отыр. 16 аймақтың жетеуі есептік көрсеткіштен асып түсті. Олар ? Алматы, Атырау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Маңғыстау облыстары. Астанада - 574 мың 629, Алматыда - 1 миллион 297 мың 714 адам санақтан өтті. Ұлттық халық санағының алғашқы алдын ала қорытындылары алдағы күз айында жарияланатын болады. Ал 2010 жылы Сараптамалық есептеме жарықққа шығады.