Бүгін - ұлттық валюта күні

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1993 жылғы 15 қарашада Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілді. Ал 1997 жылдан бері Мемлекет басшысының Жарлығымен 15 қараша – төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні ретінде аталып өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төл валютамыздың тарихына көз жүгіртсек, 1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекіткен болатын. Қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылай хан бейнесі сомдалды.

1993 жылы алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылды. Теңгені елге тасымалдау үшін төрт ИЛ-86 ұшақтары Тұманды Альбион еліне 18 мәрте қатынады. Төл валютамыздың алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалып, дәл осы қоймалардан ұлттық теңгеміз еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілген еді.

1993 жылдың 15 қарашасында Тәуелсіз Қазақстан Республикасының төл валютасы айналымға енді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды.

Қазір банкнот - Ұлттық банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета - Өскемендегі Монета сарайында шығарылады.

Фото: Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі

 

Соңғы жаңалықтар
telegram