Бүгін - Ұлы Жеңіске 66 жыл
АСТАНА. 9 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 66 жыл толып отыр.
Ұлы Жеңіске 66 жыл
Соғыстың алғашқы күндерінен бастап қазақстандықтар барлық майданда шайқасты. Олар Отан үшін фашистерге қарсы бағытталған ұрысқа аянбай кірісті. Қазақстанда ұйымдастырылған көптеген әскери бөлімдер майданға жіберілді. Даңқты Брест қамалын қорғаушылардың қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. Олардың арасында Ғ. Жұматов, В. Фурсов, К. Тұрдиев, Ш. Шолтырев, К. Иманқұлов, Е. А. Качань т. б. жаумен жан аямай шайқасып, ерліктің үлгісін көрсетті. 1941 жылы 24 маусымда 219 атқыштар полкі Литваның Шяуляй қаласында алғаш рет ұрысқа кірісті. Қазақстандықтар жау әскерлерімен Перемышлев, Мурманск, Одесса, Севастополь, Сталинград түбінде, Украина, Белорус жерінде жанқиярлық ерлікпен шайқасты.
Қазақстандық жауынгерлер Украинаны, Белоруссияны, Балтық бойын, Молдавияны азат етуге қатысты. Мыңдаған қазақ жігіттері Кеңес әскерінің құрамында Шығыс Европа халықтарын Гитлердің тепкісінен азат етуіне ат салысты.
1-Украин майданы учаскелерінің бірінде біздің жауынгерлік қатарымызға фашистік танкілер лап қойды. Жаудың біраз танкісі қиратылды, бірақ фашистік танкілер ілгері ұмтылуын тоқтатпады. «Жолбарыс» танкісінің қарсы алдынан сапер Абдолла Үсенов қарсы жүріп, кеудесіне танкіге қолданылатын минаны қысып, қаймықпай шынжыр табан астына құлады, сұмдық жарылыс жер сілкіндірді.
Әрқайсысы 200-ден астам жауынгерлік ұшу сапарын жасап, бірнеше жүз фашистерді жоқ қылған шабуылшы ұшқыштар: Талғат Бигельдиновке, Леонид Бедаға және Иван Павловқа, соңдай-ақ 37 ұшақты және топтасып жүргізілген ұрыстарда жаудың тағы 6 ұшағын атып түсірген Сергей Луганскийге екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Кеңестік Шығыс әйелдері арасынан бірінші болып Ленин орденімен және Алтын жұлдыз медалімен марапатталғандар-қазақ қыздары: пулеметші Мәншүк Мәметова мен 54-атқыштар бригадасының мергені Әлия Молдағұлова болды.
1945 жылдың қысқы операцияларда кеңес әскерлері жаудың «Солтүстік», «Орталық», «Висла», «Оңтүстік» армияларының ірі топтарын талқандады. Қызыл Армия Польшаны азат етуді аяқтап, Венгрияны және Чехословакияның едәуір бөлігін азат етті, Венаны алып, Шығыс Пруссияға кірді, Одер және Нейсе өзендеріне шығып, Померанияға, Брандербург пен Силезияға тереңдеп енді.
1945 жылғы сәуірдің 16-ында Берлин операциясы басталды. Оған 3,5 млн.-ға жуық адам, 52 мың зеңбірек пен миномет, 7750 танкпен өздігінен жүретін зеңбірек, 10800 ұрыс ұшағы қатысты. Балтық теңізінен Судет тауларына дейінгі 700 км-лік өңірде ұрыс қимылдары жүргізілді. Батыл қимылдар жасап, Кеңес әскерлері мамырдың 2-інде Германияның астанасы Берлинді толық бақылауына алды. Берлин операциясы барысында Кеңес жауынгерлері ержүректілік, ерлік және жоғары шеберлік көрсетті.
Кеңес Одағының батыры, Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов те Берлин үшін ұрыстарға өз жауынгерлерін бастап кірді. Берлинге шабуыл жасауға жерлестеріміз Есжанов, И.Я.Сянов, Х.Қайдауысов, З. Тұрарбеков, Х. Көбеков, Т. Бигелдинов, А.Еремеев, Н.Шелихов және т.б. көптеген адамдар қатысты. Жас офицер Р.Қошқарбаев өзінің досы Г.Булатовпен бірге Рейхстаг терезелерінің біріне алғашқыларының бірі болып алқызыл Жеңіс туын желбіретті, ал Орал өңірінің жас офицерлері К.Мәденов пен Р.Қараманов Берлин ратушасының төбесіне тікті.
Қазақстандықтар партизандық қозғылысқа белсене қатысты. Толық емес мәліметтерге қарағанда Украинаның партизандық құрамалары мен отрядтарында 1500, Ленинград облысында 220-дан астам қазақ жігіттері соғысқан. Белоруссияның әр түрлі аудандарында әрекет еткен 65 партизандық бригадалар мен шоғырларда 1500-ден аса қазақстандықтар болған. Партизан қозғалысына қатысқан даңқты қазақ жігіттері: Ғ.Ахмедьяров, Ғ.Омаров, В.Шарудов, Қ.Қайсенов, Ә.Шәріпов, Ә.Жангелдин, Ж.Саин, Н.Көшекбаев т.б. есімдері бүгінде зор қүрметке ие болды.
Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алғандар:
1.Барлығы-11600 адам;
2.Қазақстандықтар-497, оның ішінде қазақтар-97;
3.Қазақ қыздары-2.
Екі мәртебе Кеңес Одағының Батыры атағын алғандар: Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский.
Үш мәртебе Кеңес Одағының Батыры атағын алған: И.Н.Кожедуб- Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі.
Даңқ орденінің толық иегері-142 қазақстандық. Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар-96638.
Жалпы екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс Кеңес Одағына қымбатқа түсті. Елдің 27 млн-нан астам адамдары соғыста қаза болды. Оның 603 мыңы (400 мың) қазақстандықтар.
Ұлы Отан соғысындағы жеңіс күні Қазақстан мен ТМД-да ғана емес, сонымен қатар одан тысқары жерлерде де кеңінен атап өтіледі.
Бұл жыл сайынғы аталып өтетін мейрамның ерекше және құрметтi орыны бар.
Біздің болашағымыз үшін құрбан болған миллиондаған адамдарды еске түсіру үшін, әрбір қазақстандық бұл мерекені Отанға деген сүйіспеншілігінің нышаны ретінде атап өтеді.