Бүгін Ванкуверде ХХІ қысқы Олимпиадалық ойындар басталады
АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат - Ақпанның 12-сі мен 28-і аралығында Канаданың Ванкувер қаласында ХХІ қысқы Олимпиадалық ойындар өтеді.
Жарыстарға әлемнің 80 елінен 3 мыңнан астам спортшы қатысады. Байрақты бәсекелер барысында спорттың 15 түрі бойынша 86 награда комплекті ойнатылады.
Қазақстанның Олимпиадалық құрамасы Ванкувер Олимпиадасына қатысу үшін 40 лицензия жеңіп алды. Біздің спортшылар спорттың 9 түрі бойынша өнер көрсетеді:
1. Биатлон - 9 лицензия.
2. Шаңғы жарысы - 11.
3. Тау шаңғысы - 2.
4. Конькимен сырғанау - 4.
5. Трамплиннен шаңғымен секіру - 2.
6. Фристайл (могул) - 5.
7. Фристайл (акробатика ) - 1.
8. Шорт-трек - 1.
9. Мәнерлеп сырғанау - 2.
Қазақстандық спортшылар үшін - бұл бесінші қысқы Олимпиада.
Ақпанның 12-сі күні өтетін Олимпиаданың ашылу рәсіміне Қазақстан делегациясын ту ұстаушы, Қазақстанның биатлоннан чемпионы Диас Кенешов бастап шығады.