Бүгін ямайкалық жеңіл атлет Усейн Болт 10 дүркін әлем чемпионы атануы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда дүние жүзіндегі спорт сүйер қауымның назары Қытай астанасы Бейжіңде өтіп жатқан әлем чемпионатына ауып отыр. Жер шарының тек қана үздіктері бас қосқан дүбірлі доданың әр күні қызықты өтуде. Қазақстан жұртшылығы бұл жарысты «Еуроспорт» телеарнасынан көру мүмкіндігіне ие болды.
None
None

2015 жылға дейін Олимпиаданың 6 дүркін, әлемнің 8 дүркін жеңімпазы болған ямайкалық желаяқ Усейн Болтқа деген көрерменнің назары ерекше. Ол осы чемпионаттың алғашқы күндері-ақ 100 метрлік жарыста жеңімпаз атанып, әлемдік жарысты 9-шы мәрте жеңіп алды. Кеше ол 200 метрлік жарыстың іріктеу және жартылай финалдық бәсекелеріне қатысып, өзінің бас жүлде алуға дайын екендігін мәлімдеді. Енді бүгін кешке (Астана уақытымен сағат 18-55) ерлер арасында 200 метрлік жарыстың финалы өтеді. Усейн Болт бүгін жеңіске жетсе, ол әлемнің 10 дүркін жеңімпазы атанатыны сөзсіз.

29 жастағы спортшы мұнымен тоқтап қалмайды. Келесі күндері 400 метрге эстафеталық жарыстар өтеді, Ямайка командасы қатысып, жеңіске жететін болса, 11 дүркін жеңімпаз атануы мүмкін.

Усейн Болт жарысқа қатысып келе жатқан кезеңде 8 мәрте әлемдік рекордты жаңартқан! Екі (Бейжің - 2008, Лондон - 2012) Олимпиадада қатарынан 100 және 200 метрлік жарыста жеңімпаз атанған әлемдегі бірден-бір спортшы! Лақап аты - найзағай. 1986 жылы 21 тамызда дүниеге келген. Бойы 195 см, салмағы 94 келі.

Соңғы жаңалықтар