Бүгін «Жас ұлан» мектебінің 75 тәрбиеленушісі ҰБТ тапсырды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеу жалғасуда. Бүгін қорытынды сынақты Армия генералы С. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің 75 тәрбиеленушісі тапсыруда, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Бүгін «Жас ұлан» мектебінің 75 тәрбиеленушісі ҰБТ тапсырды (ФОТО)

Ұландар үшін емтихан тапсыру орны болып С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті белгіленді. Тестілеу аяқталса да, қобалжу әлі басылар емес, өйткені, нәтижесі әзірге белгісіз.

«Біз тестілеуге жан-жақты дайындалдық және сол себепті жоғары балл күтудеміз. Қобалжу әрине, болды. Алайда, бізге үлкен үміт артып, туысқандарымызды, оқытушыларымыз бен командирлерімізді ұятқа қалдырмай алған білімімізді жүз пайызға көрсетуге тырысып бақтық», - деді 5-ротаның түлегі ұлан Ержан Қайырғалиев.

«Жас ұлан» мектебі тәрбиеленушілерінің дайындық деңгейі жыл сайын өсуде. Балалар ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтіп, жоғары нәтижелер көрсетуде.

Айта кетейік, былтырғы жылы «Жас ұланды» 67 жеткіншек бітіріп шықты. Бүгінде олар Құрлық әскерлерінің Әскери институтында, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтында, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында, ҚР ҰҚК, ТЖМ және ІІМ жоғары оқу орындарында білім нәрінен сусындауда. Олар сондай-ақ Ресей, Беларусь және Қытай қорғаныс министрліктерінің әскери жоғары оқу орындарының курсанттары болып табылады.