Бүгін жүздеген мың адам Интернетсіз қалады
АСТАНА. 9 шілде. ҚазАқпарат - Федералдық барлау қызметі бүгін компьютерлері DNSChanger вирусын жұқтырған 300 мыңнан астам қолданушының ғаламторын өшіріп тастамақ. Бұл туралы Утро.ру хабарлайды.
Вирус браузердің қызметін бұзып, қолданушы ашпақ болған сайттан басқа сайтқа бағыттап, онымен қоймай, түрлі ақпараттарды, мәселен несие карталарының мәліметтерін ұрлап алады.
Осы вируспен уланғандардың көпшілігі АҚШ-та. Олардың саны шамамен 70 мыңнан асты. Екінші орында Италия. Ондағы «ауырған» компьютерлер саны АҚШ-тікінен екі есе аз. Одан кейін Үндістан, Ұлыбритания, Германия, Франция, Қытай, Испания, Канада және Австралия деп кете береді. Көптеген мүйізі қарағайдай компаниялардың, банктердің, ұйымдардың сайттары осы ауруға шалдыққан. Олардың ішінде NASA да бар.
Қарапайым антивирустармен емдеуге келмейтін өте қу DNSChanger вирусы 2007 жылы пайда болған еді. Ал 2011 жылдың қарашасында әлемдегі 500 мыңнан астам компьютерге осы вирусты жұқтырған 6 эстондық хакер ұсталған болатын. 4 жыл ішінде бұл алаяқтар 14 млн. доллар пайда тапқан.
Сол кезде барлау қызметі қолданушылар сетьтен кенет шығып кетпес үшін қылмыскерлердің өтірік серверлерін уақытша серверлермен алмастырған болатын. Дегенмен, бүгін, яғни 9 шілде күні сол уақытша серверлердің уақыты бітеді. Сондықтан аталмыш вирусты жұқтырып, емделмеген компьютерлер ғаламторға шыға алмайды. Бұл тұрғыда, тек ғаламтор арқылы жұмыс істейтін алпауыт компаниялар бүгін қыруар қаражаттарынан қағылады деген сөз. Алайда, бұл интернетсіз өмір ұзаққа созылмайды деп сендіреді құзырлы органдар.