Бүгін жыр алыбы Жамбылдың туғанына 170 жыл толды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін жыр алыбы Жамбылдың (1846-1945) туғанына 170 жыл толды. Ұлы ақын, жырау, жыршы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жабаев Жамбыл Жамбыл облысы Жамбыл тауының етегінде туған.

Бүгін жыр алыбы Жамбылдың туғанына 170 жыл толды

Ол жасынан өлең-жырға қанып өскен, өз анасы Ұлданның ақындық талантын бойына сіңірген, «Менің пірім - Сүйінбай...» деп Жамбылдың өзі жырға қосқандай, Сүйінбай Аронұлы сияқты жыр даңғылынан тәлім-тәрбие алған. Жамбыл 1919 жылы Жетісу халық ақындары бас қосқан слетке қатысты. 1934 жылы республикалық өнер шеберлерінің тұңғыш слетінде жыр толғап, тағы бір көзге түсті. «Замана ағымы», «Белсенділерге», «Қазақстан тойына», «Жастар алдындағы сөз» сияқты арнау, толғаулары осы тұста жырланды. Оның үздік шығармалары 40-тан астам шет елдер тілдеріне аударылды. Ұлы жырау қазақ халқын, оның поэзиясын бүкіл әлемге жария етті. 1938 жылы Жамбылдың шығармашылық өнерінің 75 жылдығын тойлағанда, оған әлемнің әр түкпірінен құттықтаулар келді. Ромен Роллан, Мартин Андерсен, Нексе, Катарина Сусанна Причард сияқты атақты суреткерлер Жамбыл поэзиясына өте жоғары баға берді. Жамбыл туралы жүздеген өлең-жырлар жазылды. 20-ғасырдағы халық ақындарына Жамбылдың әсері өте зор болды. Бұл қатарда Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Әбдіғали Сариев, Нартай Бекежанов, Доскей Әлімбаев, Саяділ Керімбеков, Орынбай Тайманов сияқты белгілі импровизаторлар бар. 1941 жылы Сталиндік (кейін КСРО Мемлекеттік) сыйлығының лауреаты атанған. 1-ші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды. Жамбылдың есімі Қазақстанның бір облысына, бірнеше аудандарға, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына, мектептерге, көшелерге берілген. Қазақ халқы Жамбылдың 100 жылдық, 125 жылдық, 150 жылдық, 160 жылдық тойларын халықаралық деңгейде салтанатты түрде атап өтті. Жалпы, ақынның шығармалары дүние жүзінде қырықтан астам тілге аударылған.

Елімізде Жамбыл ақынның 170 жылдығына арналған түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған осы дүбірлі мереке 26 ақпан күні Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Жыр алыбы - Жамбыл» атты әдеби-сазды рухани кешке ұласты. Рухани шараның басты мақсаты - сөз мәйегін кие тұтқан абыз жыраудың шығармашылығын, рухани бай мұрасын насихаттау.

Айтулы датаға орай Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Алматы қаласының, Алматы облысының әкімдіктерінің және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен жыр алыбы Ж.Жабаевтың құрметіне арналған «Жамбыл Жабаев - Ұлы Даланың алып жыршысы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Сондай-ақ 25 ақпан күні Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған «Әлем ақыны» атты әдеби кеш өтті.

Ал Жамбыл облысында «Тыңда, дала, Жамбылды!» атты республикалық жыршы-термешілер байқауы өтті. Іс-шараға Жамбылдың ұрпақтары, шөбересі Бекжан Махметов және Мұратхан Жамбылов арнайы қатысты.