Бүгінде әрбір қазақстандық 11 литр таза спирт ішеді

АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда әрбір қазақстандық азаматқа 11 литр таза спирт келеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасов мәлім етті.

Бүгінде әрбір қазақстандық 11 литр таза спирт ішеді
«Бұл - тым жоғары көрсеткіш. Себебі Дүние жүзі денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша оның көлемі 8 литрден аспауы тиіс. Сонда ғана ұлттың денсаулығы мен болашағына қауіп төнбейді», - деп атап көрсетті Н.Сәдуақасов. Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымы да жоғары болып тұр. Ол отандық нарықтың 25 пайызын алып отыр. Дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш 20 пайыз болса, АҚШ пен Швейцарияда 8-10 пайыздан аспайды.