Бүгінде Астананы барша ел біледі

Шілденің 6-сы - Астананың туған күні қазақ елі жыл сайын асыға күтетін, көтеріңкі көңіл-күймен мерекелейтін мейрамға айналды. Бұл туралы Қаратөбе аудандық мәслихатының депутаты, Қаракөл селолық округі мәдени-демалыс орталығының меңгерушісі, «Астанаға 10 жыл» мерекелік медалінің иегері Ерболат Рамазанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, Астананың абыройын асқақтату бағытында мәдениет саласында көптеген жұмыстар атқарылды. Елдегі оң өзгерістерді ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігінен де көруге болады. «Ақтайсай мәдениет үйі 1976 жылы салынған. Пайдалануға берілгеніне 34 жыл болған мәдени ошағымыз биыл күрделі жөнделуде. Мәдениет үйі мектеппен тығыз байланыста. Хор, ән, би үйірмелері жұмыс жасайды. Болашағынан зор үміт күттіретін жас балғын өнерпаздарымыздың өнерге деген қызығушылықтары көңіл қуантады. Оларды тәрбиелеп, өнер жолында табыстарға жетуіне көмектесу - біздің борышымыз. Түрлі мәдени-бұқаралық шаралар да жоспарлы түрде ұйымдастырылып тұрады. Сөйтіп Астанадай қаласы бар еліміздің одан әрі алға басуы үшін біз де үлес қоса беретін боламыз», деді ол.