Бүгінде «Болашақ» бағдарламасымен әлемнің 33 елінде 2796 стипендиат білім алуда
АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгінде «Болашақ» бағдарламасымен әлемнің 33 елінде 2796 стипендиат білім алуда.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық бағдарламасын іске асыру қорытындыларымен таныстырған ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов айтты.
«Бұл бағдарлама әрқашан елімізге қажетті мамандарды даярлауға бағытталды. 1994 - 2013 жылдар аралығында 9250 стипендия тағайындалды. Бітірген түлектер саны - 5714. Ал, 2 796 стипендиат әлемнің 33 елінде білім алуда», - деді министр.
Оның атап өтуінше, «Болашақ» бағдарламасының түлектері жоғары кәсіби біліктіліктің үлгісін көрсетуде. Олардың көпшілігі мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда жауапты қызмет атқаруда. Мысалы, Бауыржан Байбек, Ғабидолла Әбдірахымов, Қуандық Бишімбаев, Қуаныш Тілеушин және басқаларды атауға болады.
«Бүгінде түлектердің 20 пайызы мемлекеттік секторда жұмыс істейді. Сонымен қатар, ұлттық компанияларда - 21%, жекеменшік компанияларда - 55%, халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдарда - 4%», - деді Б.Жұмағұлов.