Бүгінде экономиканың индустриялық-инновациялық дамуына балама жоқ - MADISON GROUP бас директоры
АТЫ. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат - /Айгүл Тұрысбекоа/ - Дағдарыс кәсіпорынның беріктігі мен бәсекеге қабілеттілігіне сын болып отырғанына өз тәжірибемізбен көз жеткізіп отырмыз. Экономиканың нақты секторында жоғары қосылған құн салынған отандық тауар өндірілуде, жаңа жұмыс орындары ашылуда және экономиканы әртараптандыру жүріп жатыр.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне MADISON GROUP компаниясының бас директоры Азат Рахымбеков айтып берді.
- Компания нарықта 2006 жылдың наурызынан бері жұмыс істейді. Зауыт Қазақстан үшін бірегей өнім шығарады. Бұл - заманауи еуропалық FINNBLOСK құрылыс материалы - үш қабатты, ішінде пенополистиролдан жылу сақтайтын бұйым. Оның өндірісінде екі фин және бір кореялық желі іске қосылған. Бір ауысымда біздің зауыт екі орташа екіқабатты үйдің құрылысына қажетті блоктарды шығара алады. Алайда қаржы дағдарысының әсерінен құрылыс саласы едәуір зардап шегіп отырған жағдайда өндірісті тоқтатып, жағдайға талдау жасауға тура келді. Сонда аңғарғанымыз - біздің негізгі тұтынушымыз жеке адамдар екен. Біз кезінде «Элитқұрылыс», «ВЕК», «Базис-А» сияқты ірі құрылыс компанияларымен келісім-шарт жасасуға тырысып көрдік, бірақ та олардың жолға қойылған өз нұсқалары болып шықты. Олардың бизнесінің ерекшелігі сонда, олар көпқабатты құрылыстар салады. Ал біздің материалдар шағын қабатты құрылыстарға арналған.
FINNBLOСK сынақтардан өтті, оның сапасы мен сенімділігін қуаттайтын барлық куәліктері мен сертификаттары бар. Біз әрқашан да кез келген сұрақтарға жауап қайтаруға әзірміз. Осы материалдарды өндіретін автоматтандырылған желі Еуропада ғана емес, барлық жерде де баяғыда-ақ өзін ақтады. Экологиялық, энергия және жылу сақтайтын салаларда барлығы да орын-орнына келтірілген. Біздің өнім Скандинавияда белсенді қолданылады, Біріккен Араб Әмірліктерінде жабық тау шаңғысы кешені құрылысында пайдаланылып жатқанын өз көзіммен көрдім. Қыста жылу сақтайды, жазда - ыстық өткізбейді. FINNBLOСK-тың Қазақ сейсмикалық ғылыми-зерттеу институтынан жер сілкінісіне беріктігі жөнінде құжаты бар. Оның полигонында салынған ғимаратта екі кезеңде сынақтан өтті. Екіншісі - Жапония делегациясы үшін өткізілді. Сонда жел сілкінетін аймақта FINNBLOСK материалынан үш қабатты, ал сейсмикалық қауіп жоқ аймақтарда бес қабатқа дейін үй салуға болатыны жөнінде қорытынды жасалды.
FINNBLOK-тың басқа құрылыс материалдарынан түбегейлі өзгешелігі тірек материалы бола алады, яғни, оған колонналардың, есік-терезелер маңдайшасына қажетті ағаштардың қажеті жоқ. Бұл - құрылыс технологиясын шапшаңдатып, арзандата түсетін үлкен артықшылық. Бүгінде біз оның құрылыс салуда үйлесім тапқанын көріп отырмыз. Бүгінде нарықта жоғары құн қосылған сапалы өнімге сұраныс күшті. FINNBLOСK материалы осы талаптарға жауап береді. Біздің тауарымыз «Алтын сапа» республикалық конкурсында, халықаралық көрмелерде таңдаулы сапалы өнім ретінде лауреат атанды. Тағы бір айта кететін жайт, экономикалық құлдырау кезеңінде біздің материалымыздың құны онша төмендеген жоқ. Осы блоктардан салынатын құрылыстың өзіндік құны бір шаршы метрге 100 АҚШ долларын құрайды. Өзіндік құнның осынша төмен болғандығынан біз қандай да бір мемлекеттік бағдарламаларға кіруге талпынудамыз.
- Шынында да, мектеп, балабақша, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар үш қабаттан аспауы тиіс. Осындайда сіздің материавл таптырмайтын нәрсе ғой...
- Өкінішке қарай, біз мемлекеттік бағдарламаларға жол таба алмай отырмыз. Мен көптеген жергілікті билік өкілдерінің басшыларымен де кездесіп көрдім, оларға өзіміздің құрылыс материалдарымыз туралы айтып бақтым. Бәрі де бас шұлғып, қолдау көрсетпекші болады, бірақ сөзден іске көшпей тұр. Баршаға мәлім, бірнеше жылдан бері Мемлекет басшысының бастамасымен «100 мектеп, 100 аурухана» жалпы ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ал тендерге қатысуға едәуір алдын ала даярлық қажет. Әртүрлі төрешілдік кедергілер, әртүрлі құжаттарды әзірлеу көп уақыт алады, ал бізде мұнымен түптеп айналысатын бос адамдар жоқ. Сірә, осы саладағы заңнамалық базаны жетілдіре түскен орынды болар.
Зауытты сатып аларда мен мемлекеттен едәуір көмек алдым. ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес біздің жабдық қосылған құн салығы есепке кіретін тауарлар тізіміне қосылды, яғни біз алғашқы екі жылда оны төлеген жоқпыз. Жергілікті билік деңгейінде кедергі болған жоқ. Зауыт құрылысы толық қираған бұрынғы темір-бетон бұйымдары кәсіпорнының орнына салынды. Оның артықшылығы, электр кіші стансысы және барлық дайын комуникациясы болды. Зауыт толық жаңартылды, қазір онда 50-ге тарта адам жүмыс істеп жатыр. Ол Алматыға таяу жерде, Талғар қаласында орналасқан. Зауыт Талғар өзенінің бойында түр, тіпті экономикалық құлдырау кезеңінің өзінде онда қиыршық тас, құм өндіріп, електен өткізетін жеті карьер жұмыс істеп тұрды. Сондықтан да бұл тасымал жұмысын жеңілдетіп, өнімнің өзіндік құнының арзан болуына жәрдемдесті. Зауыт тәулігіне 100 тонна құм материалын тұтынатынын ескерсек, бұл едәуір пайда. Әрине, дағдарыс біздің жұмыс орындарын оңтайландыруға мәжбүрледі, бірақ еңбек өнімділігі төмендеген жоқ. Жазғы кезеңде зауыт толық қуатында жұмыс істейді.
Бір қуанышты жағдай, «Азиада-2011» нысандарының бірінде біздің материал пайдаланылатын болды. Біз тендерге қатысқан жоқпыз, құрылыс компаниясы біздің материалдың сапасына қызығыпты. Бұл арада менің тағы бір аңғарғаным, материалыңды ұсынып, әрі-бері шапқылағаннан гөрі өндіріс технологиясын және өнім сапасын қатаң бақылауда ұстаған жөн бе деймін. Нарық қашан да өз таңдауын жасайды. Мәселен, мешіт, шыркеу, синагога сияқты діни ғимараттарда біздің материалымыз пайдаланылып жатыр. Көптеген коммерциялық құрылымдар техникалық қызмет көрсету орталығын, шағын зауыттарын, кеңселерін біздің блоктардан тұрғызып жатыр. Біздің материалдарымызды қолданғандардан ризашылық білдірген хабарлар келіп түсуде.
- Мемлекет отандық өндірісте қазақстандық тауарлар үлесін арттыруда қолдан келгеннің бәрін істеп жатыр. Әлеуметтік нысандарды салуға көптеген шетелдік компаниялар да қатысып жатыр ғой, оның үстіне мемлекеттік-жеке әріптестік деген тағы бар...
- Қазақстандық үлесті ұлғайту жөнінде жоғары деңгейде шаралар қабылданып жатыр, «Мемлекеттік саты алулар туралы» ҚР Заңында да бұл мәселе қарастырылған. Ел Үкіметі деңгейінде нормативтік актілер, қаулылар, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету жөнінде шаралар қабылдануда. Мен нақты цифрларды айта алмаймын, бірақ, елде құрылыс материалдары жеткіліксіз екені кәміл, тіпті құрылыс материалдары шетелдерден де әкелініп жатыр. Кейде отандық өндірушіні қорғауға атүсті көңіл бөлінеді-ау деп те ойлаймын. Бүгінде экономиканы индустриалдық-инновациялық дамытуға өзге балама жоқ. Әртүрлі себептерден бұл салада кейбір кәсіпорындар тоқтап қалды. Осындайда әр жағдайға зер салып, нақты талдап отыру қажет.
Мен шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі түрлі кеңестерге қатысып жүрмін. Онда айтылып жатқан сөз аз емес, бұдан шығатын қорытынды: көп сөзден нақты іске көшу қажет, өндірісті аяғынан тұрғызатын жедеқабыл қарекет қажет. Ал бұл күн сайын зор қажыр-қайрат жасауды қажет етеді, оның үстіне әртүрлі пробелмалар мен мәселелерді табан астында жедел шешіп отыру қажеттігі тағы бар. Өнім сапасына, оның өзіндік құнын арзандатуға, өндіріс технологиясын жетілдіруге қатаң бақылау қажет. Біздің өнімнің бірегейлігі сонда, өнімнің өзіндік құнын арзандату мақсатында біз технологиялық үдерістерді өзгертпекші болып едік. Онымыздан түк те шықпады, технология тиісті рецептіге есептелген екен, оның компоненттерін өзгертуге болмайтын болды. Яғни, өндіріс үдерісінде бәрі де әбден екшелген, кішкентай ғана өлшемдерінің өзі кесіп-пішілген болып шықты. FINNBLOK Финляндияда шығарылады, онда да Қазақстандағы сияқты.
- Сіздің өнімнің бірқатар артықшылықтары бар - құрылыстың өзіндік құнының, энергия және жылу шығындарының төмендігі. Мемлекет сіздің материалдан салуға неге мүдделі емес?
- Жағдай былай, мысалға қалалық әкімдік қандай да бір нысан салуға тапсырыс береді, ол құрылыс комипаниясын бас мердігер ретінде таңдайды. Яғни, әкімдікке керегі, құрылыс блоктары емес, дайын мектеп. Біз - құрылыс компаниясы емеспіз. Ал мемлекет бас мердігерді таңдауда отандық құрылыс материалын пайдалануға маңыз берсе, сондай шарт қойса, әңгіме басқаша болар еді. Біздің өнім нарықтағы бірден-бір құрылыс материалы еді деп айта алмаймын, бірақ оның жылу сақтау сапасы жағынан бірегей екені сөзсіз. Бүгінде құрылыс компаниялары әртүрлі материалдардың ішінен FINNBLOK-ты таңдап жүр, осындай адал бәсекелестікте біз ұтып отырмыз.
Менің бизнестегі азантай тәжірибемнен байқағаным, мемлекет шағын және орта бизнесті алақанға салып мәпелемей-ақ қойсын, жай ғана оның қалыптасуына жағдай туғызса жетіп жатыр. Әрине, бұл жағдайлар бірте-бірте орнына келеді, елде бұл бағытта едәуір жұмыс жасалып жатыр. Шағын және орта бизнесті қолдау шаралары заңда мықтап көрсетілуі, оның қарапайым, жіті көрініс табуы және текелей әрекет етуі қажет. Отандық тауар өндіруші шетелдік сапасыз материалдар демпингіден қорғалуы тиіс, ал олар өндірілген елде еңбек жағдайы арзан болғандықтан, құны да біздегіден арзанырақ. Бүкіл әлемде ішкі нарықты кедендік баж салығымен қорғайды. Біздің компания дұрыс жолға түскеніне сенімдімін. Құрылыс материалдарын шығару экономиканың басымдықты саласы. Біз отандық өнімді өз шикізатымыздан өндіреміз. Сондықтан да ол инновациялық, қосымша құн қосылған өнім. Түпкі өнім құм мен бетоннан алынады, ал Қазақстанда ол жеткілікті.
Қазақстандық тауар өндірушілердің ортақ проблемасы өз тауарын жарнамалайтын электрондық БАҚ-тың жеткіліксіз болуында деп ойлаймын. Бүгінде ақпарат ғасырында, біздің тауарымыздың жарнамасы ауыздан ауызға ғана таралып жүр. Мәселен, коммерциялық телеарналарда екі минуттік ақпараттық сюжет 1,5 млн. теңге тұрады. Бұл - бүкіл еңбек ұжымның айлық еңбекақысына тең. Сондықтан да біздің жарнамаға мұндай үлкен қаражат жұмсауға мүмкіндігіміз жоқ. Мемлекеттік арналарда отандық тауар өндірушілер туралы хабарлар көп болуы тиіс деп санаймын. Кейде біз, елді былай қойғанда, өз қаламызда не болып жатырғанын да білмейміз.
- Мұндай өндіріс үшін заем қаражаттары тартылған шығар. Сіз бұл несиені қайта қаржыландыра аласыз ба?
- Біз жобаны жүзеге асырудың алғашқы күнінен банкпен жұмыс жасап келеміз. Бұдан бір ай бұрын несиемізді қайта қаржыландырдық. Қарыз қайта құрылымдалып, өтеу мерзімі және шарттары жұмсартылды. Бұл несие ұзақ уақытқа берілді деп айта алмаймын, бірақ бізге бір жылға тыныс берілді. Кәсіпорынның жұмыс жасап тұрғаны банкке де тиімді. Мемлекеттің шағын және орта бизнесті қолдау үшін екінші деңгейдегі банктерге елеулі қаражат бөлуі қуанышты. Біздің банк те солардың ішінде. Дағдарыс бәрін де - банктерді де сілкіндірген сияқты, мемлекет әртүрлі алыпсатарлардан, брокерлерден құтылды ғой деп ойлаймын. Айналып келгенде, біз Карл Маркстің экономикалық аксиомаларын еске түсіргендейміз. Айтпақшы, жарты жыл бұрын біз бартермен жұмыс істеп көрдік. Дағдарыс кезінде мұны да пайдаланған артық емес, ақша осындай кездерде жетіспейтіні белгілі. Дағдарыс біздің өндірісті де сілкіндірді, жұмысшылар өз ісіне бұрынғыдан да жауаптырақ қарайтын болды. Біз адамдарды және олардың еңбекақыларын қысқартып жатқан жоқпыз. Құрылыс материалдары өндірісі - бізідң бизнесіміздің бірден-бір бағыты емес, жұмысшыларға біздің еншілес компанияларымыздың басқа бағыттарында жұмыс істеу ұсынылды.
- Сіз мемлекеттік қызметтен кетіп, өзіңіздің мапсаптық жолыңызда шұғыл бұрылыс жасадыңыз. Мұндай қадамға қалай тәуекел еттіңіз? Бизнес дегенің мазасыз шаруа ғой?
- Ресейдің банк саласынан білім алып, екі қазақстандық коммерциялық банктің бастауында тұру, одан кейін ұлттық компанияның бастауында тұру бақытына ие болдым. Өзімнің бұл қадамыммен балаларыма үлгі көрсетпек болдым. Әрбір адам өзін тәриелеп шығарған қоғам үшін пайдалы іс атқаруы тиіс. Ал мен жаңаға, бірдеңе жасауға құмар болдым. Маған өнеге көрсеткен әкем болатын. Ол Қазақстандағы минералды сулар көзін алғаш ашқандардың бірі болды. Балалық шағымнан мен үшін басты үш мамандық болды - олар: мұғалім, құрылысшы және дәрігер. Қандай жұмыстың да рахаты мол. Бірде мен фин құрылысшыларының жұмысын көріп таңғалдым, олар финдік құрылыс блоктарынан тұрғын үй салып жатты, бұл жұмыстың қарапайымдылығына және монитаждау жұмыстарының ынңғайлылығына таңғалдым. Бұдан кейін Қазақстанда да осындай блоктар шығаруға болмас па, деген ойға қалдым. Бұл идея мені қанаттандырды. Көптеген жұрт мені бұл істен бас тартуға үгіттеді.
Мемлекет шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге бар күшін салып жатса да, өз өндірісіңді ашу әзірге өте күрделі шаруа. Алғашқы күндердің өзінде бизнесті тұншықтыруға тырысқан тексерулер де болды. Алайда біз барлық мәселені сындарлы тұрғыда шешуге тырысамыз. Ал финдік әріптестерімізде бухгалтерия деген болмайды екен. Бухгалтерлік компаниямен байланыс жасайтын арнайы адам болады, сондықтан да өндіріс әртүрлі салықтық тексеруге тәуелді емес, өзінің жұмысын ғана біледі. Басқа қызметтерде де солай. Қазақстанның жағдайы бұдан өзгеше. Дегенмен жыл өткен сайын жағдай өзгеріп келеді, жұмыстың мәдениеті арта түсуде. Біз бір-бірімізге талапшыл бола бастадық. Ал басты өлшем - тауарлар мен көрсетлетін қызметтердің сапасы болып қалмақ.