Бүгінде Қазақстанның Түркия, Малайзия және Еуропаның Шығыс мемлекеттерінің барлығымен де терезесі тең - ҚР Президенті
Бұл туралы бүгін елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтіп жатқан «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
«Осы, қазіргі күндерге жету үшін біздің буын, сендердің әкелерің, аталарың көп тер төкті. Елдің сыртын жаудан, елдің ішін даудан аман қылу үшін күндіз-түні тымбай жұмыс істедік. Өйтпесек мемлекет болмас едік. Қараңдаршы, сол тынымсыз еңбектің арқасында біз қазір кім болдық? Адам басына шаққанда жалпы ішкі өніміміз 16 есе өсіп, әр адамға 12 мың долларға жетті. Бұл дегеніңіз біздің Түркиямен де, Малайзиямен де, Еуропаның Шығыс мемлекеттерінің барлығымен де тереземіз тең болды деген сөз. Қай кезде қазақ осыны армандаушы еді?», - деді ҚР Президенті өз сөзінде.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Қазаққа Алланың берген байлығы жердің астында да, үстінде де мол екендігін баса айтты.
«Ол бізге қажет, керек. Бірақ ол бір кездерде таусылады. Оны басқа елдерден көріп отырмыз. Тек қана мұнай, газ, темірмен бай, ұлы мемлекет болып отырған ел жоқ. Ол басқаша болады. Сондықтан, менің қолға алып отырған Индустриалды бағдарламасы олардан басқа, екінші экономика құруға негізделген, онсыз болашағымыз мүшкіл болады», - деп баса айтқан Елбасы, бүгінгі заманға сай зауыт, фабрикалар, бүгінгі заманға сай инфрақұрылымдар құрудың өзектілігін ерекше атап өтті.