Бүгінде құрылыстың басым бөлігі мемлекеттің көмегімен іске асырылуда - С. Нокин

АСТАНА. 9 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгінде құрылыстың басым бөлігі мемлекеттің көмегімен іске асырылып отыр. Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Қазақстандағы қол жетімді тұрғын үй - қол жетімді ипотека: қалпына келтіру бағыттары» тақырыбындағы дөңгелек үстелде ҚР Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин мәлім етті.

Бүгінде құрылыстың басым бөлігі мемлекеттің көмегімен іске асырылуда - С. Нокин

«Өкінішке қарай Қазақстанда тұрғын үйдің жетпеуі үрдісі сақталуда. Бұл бірінші кезекте құрылыс секторына бағытталған инвестицияның қысқаруына, құрылыс қарқынының бәсеңдеуіне, сондай-ақ халықтың үй-жай алуға негізделген қол жетімді тетіктердің жетіспеуіне байланысты болып отыр», -деді агенттік басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, ҚР Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, 2010 жылдың басында еліміздің тұрғын үй қоры 270,9 млн. шаршы метр жалпы ауданды құрайды. Оның ішінде 38 пайызы 50 жыл бұрын салынған үйлер, сондай-ақ 32 пайыз көп пәтерлі үй толық жөндеуді қажет етеді. Республика бойынша инфрақұрылымның тозуы 70 пайызды құрап отыр. Бүгінде құрылыстың басым бөлігі мемлекеттің көмегімен іске асырылатынын айтқан ол, 2012 жылға жеке инвестициялар есебінен жаңа құрылыстарды жүргізуде тіркеуде тұрғандардың саны жоқтың қасы екенін жеткізді. Егер қажетті шаралар уақытылы қабылданбаса, онда 2012 жылы 2,5 млн. шаршы метрге дейін тұрғын үй құрылысы көлемінің күрт төмендеуі орын алмақ. Атап айтқанда, өткен жылдары 6 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалуға берілген болатын.