Бүгінде спорт саласын білікті кадрлармен толықтырып, бұқаралық спортты барынша насихаттау қажет - Туризм және спорт министрлігі
АСТАНА. Сәуірдің 19-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгінде спорт саласын білікті кадрлармен толықтырып, бұқаралық спортты барынша насихаттау қажет.
Бұл туралы бүгін Астанада бұқаралық дене шынықтыру мен спорт мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Комитет басшысының сөзіне қарағанда, бүгінде еліміздің алдыңғы қатарлы жаттықтырушыларының көпшілігі үлкен жасқа жетіп қалған, ал оларды ауыстыратын кадрлар жетіспейді. Атап айтқанда, дене шынықтыру және спорт оқу орындары түлектерінің дайындық деңгейі қазіргі заманғы талаптарға сай емес.
Бұл мәселені шешу үшін оқыту жүйесін қайта құру керек екенін жеткізген ол, «дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік институт құрып, жұмысқа білікті оқытушылар мен жаттықтырушыларды тартып, оқытушылық құрамның біліктілігін арттыратын тұрақты жүйені құру керек. Сондай-ақ балалар жаттықтырушыларының еңбекақысын жоғарылату өзекті мәселелердің бірі саналады», - деді.
Сонымен бірге Е. Қанағатов салауатты өмір салтын насихаттау тиісті деңгейде емес екенін айтып өтті.
«Бұл проблеманы шешу тұрғысында көрермендер аудиториясының ауқымдылығын ескере отырып телеарналарға ерекше рөл тиесілі. Бүгінде өкінішке қарай республикалық арналар дене шынықтыру мен спортты тиісті деңгейде насихаттамай отыр», - деді комитет басшысы.