Бүгінде үкіметтік емес сектор билікпен бірге жұмыс істейтін азаматтық қоғамның ажырамас бөлігіне айналды-М. Құл-Мұхаммед

АСТАНА. 10 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгінде үкіметтік емес сектор билікпен бірге жұмыс істейтін азаматтық қоғамның ажырамас бөлігіне айналды. Бұл пікірді Астанада өтіп жатқан ҚР Үкіметі жанындағы Үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен қимылдар жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты.

Бүгінде үкіметтік емес сектор билікпен бірге жұмыс істейтін азаматтық қоғамның ажырамас бөлігіне айналды-М. Құл-Мұхаммед

"Бүгінде үкіметтік емес сектор билікпен бірге жұмыс істейтін азаматтық қоғамның ажырамас бөлігіне айналды. Бұған, әрине, еліміздің заңнамасын жетілдіру, әлеуметтік әріптестік туралы, әлеуметтік тапсырыс туралы сияқты жаңа заңдардың қабылдануы үлкен әсерін тигізді. Соның негізінде қазір елімізде азаматтық секторды мемлекетпен бірігіп жұмыс істейтін, қоғамдық-саяси өмірде өзіндік орны бар сала деуге толық негіз бар», - деп атап көрсетті М.Құл-Мұхаммед.

Оның сөзіне қарағанда, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін азаматтық сектор қалыптасты деуге толық негіз бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттік емес ұйымдар шетелдегі түрлі қаржылық топтар мен әлеуметтік, саяси күштердің ықпалымен құрылып жатты. «Ал қазіргі таңда үкіметтік емес секторды жетілдіру Елбасының ұдайы назары мен көңіл бөліп отыруының арқасында дамуда», - деді министр.

Аталмыш шараға Президент Әкімшілігінің және министрліктер мен ведомстволар өкілдері қатысуда. Ол бүгін елордада өткізілген Республикалық әлеуметтік идеялар жәрмеңкесінің аясында ұйымдастырылуда. Осыған қарай жиынға қатысушылар еліміздегі үкіметтік емес секторды дамыту және олардың өміріне қатысты қалыптасқан мәселелер жөнінде өзара пікір алмасуда.