Бүгінде жоғары білімді кітапханашы мамандар тапшы - Ғалия Бөкейқызы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде жоғары білімді кітапханашы мамандардың, әсіресе, жас кітапханашылардың тапшылығы өткір сезілуде. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы бас директорының бірінші орынбасары Ғалия Бөкейқызы мәлім етті.

Бүгінде жоғары білімді кітапханашы мамандар тапшы  - Ғалия Бөкейқызы

«Бүгінде жоғары білімді кітапханашы мамандар тапшы. Өйткені, кітапханалардағы болашағы бар деген мамандардың айлық жалақысы жоғары өзге жұмыстарға орналасуына байланысты мұндағы кадр жағдаяты нақты шешімдерді қажет етеді. Сондықтан да кітапханадағы бос орындарды арнайы кітапханалық білімі жоқ мамандармен толықтыруға мәжбүрміз. Бұл - бір.

Екіншіден, орын алған кейбір қателіктердің салдарынан көптеген мәселелер күн тәртібінен түспей тұр. Соның бірі - оқуға тарту тәсілі. Мәселен, 2011 жылы кітапхана әкімшілігі Челябинск мемлекеттік мәдениет және өнер академиясы жанындағы Қосымша кәсіби білім беру институтымен келісім-шарт жасасыпты. Кітапхана саласында еңбек етіп жүрген еліміздегі көптеген мамандар осы оқу орнының «Кітапханалық-ақпараттық қызмет» курсынан өткен. Әрине, ақылы негізде. Өкінішке орай, заңды тұрғыдан аталған курс түлектері «жоғары білімді кітапханашы» мамандардың орнын алмастыру құқығына ие бола алмайды. Оқу мерзімі - 1 жыл, сол 12 айда - 3 сессия. Осылай оқу мерзімінің қысқалығы мамандардың басым бөлігінің қызығушылығын оятып, қазақстандық оқу орындары кейінгі кезекте қала берген.

Үшіншіден, грантқа талапкер жинау проблемасы - ТМД елдеріндегі кітапханатану факультеттерінде қалыптасқан құбылыс. Кейде мені алдағы 50 жылда кітапханашы мамандардың қатары қай көрсеткіште болар екен деген күмәнді сұрақ мазалайды? Мүмкін, мемлекет тарапынан кейбір салаларға басымдық беріліп, тек сол тізімдегі мамандық иелерінің әлеуметтік жағдайлары назарға алынып жатса, онда міндетті түрде жас мамандарға жол ашылар еді», - дейді Ғалия Бөкейқызы .